Қосылған құн салығын қайтару рәсімі жеңілдей түсті. Қаржы министрлігі пилоттық жобаны іске қосты
Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ұлттық банк Цифрлық қосылған құн салығы пилоттық жобасын іске қосты. Бұдан былай кәсіпкерлер қосылған құн салығын небәрі 15 жұмыс күн ішінде қайтарып ала алады. Мұндай мүмкіндік пилоттық жоба аясында сандық қаржыны пайдалану арқылы іске асырылады.
Бұған дейін елімізде валютаның 2 түрі бар болатын. Олар қолма-қол ақша және олардың банкте банкноталары сақталатын онлайн нұсқасы. Енді осы санатқа сандық қаржы қосылды. Жаңа валюта бірқатар артықшылықтарға ие.
Есеп айырысудың бұл түрі қаржылық қозғалыстарды бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сандық қаржыны токендеу, яғни бағдарламалауға болады. Цифрлық қосылған құн салығын қайтаруға бағытталған пилоттық жоба осы негізде жұмыс жасайды.
Пилоттық жаңа жобаның артықшылықтары қандай?
Сандық қаржыны пайдалану қосылған құн салығын қайтару процесін 75 жұмыс күнінен 15 жұмыс күніне дейін қысқартып отыр. Бұл бағдарламаланған сандық қаржы арқылы жүзеге асады. Нақтырақ айтар болсақ, кәсіпкер Ұлттық банктен қосылған құн салығын төлеуге бағытталған сандық қаржыны сатып алып, өз жеткізушілеріне төлем жасауы қажет. Айырбасталатын валюталардың құны бірдей. Қосылған құн салығын төлеуге бағдарламаланған сандық қаржыны өзге мақсаттарда пайдалану мүмкін емес. Осы арқылы түрлі заң бұзушылықтар мен салықтан жалтарулардың алдын алуға болады. ҚҚС қайтару ережесіне сай, кәсіпорынды жабдықтаушы өзге компаниялар салықты төлемеген жағдайда өтінім беруші компания мемлекеттен өз қаржысын қайтарып ала алмайды. Бағдарламаланған сандық қаржыны оңай бақылауға және оның өзге мақсаттарға жұмсалмайтынына сенімді болуға мүмкіндік береді. Бұл сонымен қатар кәсіпорынның ашықтығын білдіреді.
Жаңа жобаның кәсіпорындар үшін тиімді тұстары
Мемлекеттік кірістер комитеті аудит департаментінің директоры Қадір Исмағұлов былай деп хабарлайды:
«Жалпы, біз адал кәсіпкерлер үшін көптеген артықшылықтарды көреміз. Бұған ҚҚС тез қайтарудан басқа, салық органдарымен тікелей байланысты азайтуды айтуға болады. Бұл салықтық бақылау шараларына, яғни тексерулерге, камералды бақылауларға және салық органдарының басқа шараларына қатысты. Біздің бағалауымыз бойынша бақылау шаралары 50 пайызға, немесе 2 есеге қысқарады».
Пилоттық жоба аясында қаражатты қысқа мерзімде алу кәсіпорын үшін нақты жоспарлар құруға мүмкіндік береді. Осы арқылы олар несиелік міндеттерді орындау, түрлі төлемдерді жасау, контрагенттермен есеп айырысу сияқты сенімді шешімдер қабылдай алады.
Жоба ерікті түрде жүзеге асады. Оған жоғарыдағы талаптарға сай келетін кез-келген кәсіпорын қатыса алады. Жаңа бастама 2024 жылдың 7 қазанынан бастап 2025 жылдың соңына дейін жалғасады. Айта кетерлік жайт, Қазақстан – сандық қаржыны қосылған құн салығы саласында пайдаланып отырған алғашқы мемлекет. Жоба сәтті іске асқан жағдайда бұл тетік басқа да мемлекеттік бағыттарда қолданылуы мүмкін.