Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қазақстандық фермерлерге астығын әлемдік бағамен сатуға көмектеспек

Жарияланды
Басқа жеткізушілер болмағандықтан, болашақта астық бағасы әлемдік нарықтағы деңгейге жетуі ықтимал/фото: Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ресми сайты

Экспорт нарығы тұрақталып, көрші елдерде қазақстандық бидай мен арпаның бағасы өседі. Сонымен қатар, Қазақстанда биыл дәнді-дақылдардың түсімі мол болмақ. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы осындай болжам жасап отыр.

Импортерлердің қазақстандық астыққа деген қызығушылығын ескере отырып, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы фермерлерге келісім-шарт жасасуға, шетелдіктер тасымалдаушылармен байланыс орнатуға жәрдем бермек.

«Экпорттау және жаңа нарықтарды іздеу үшін, логистика шығындарын азайту тетіктері жасалып жатыр. Бұл қазақстандық өнімдердің әділ бағасын бекітуге мүмкіндік береді», – дейді корпорация өкілдері.

Бұған бірнеше фактор негіз болып отыр. Мәселен, биыл Ресейде арпа аз жиналған. Иран, Ирак секілді елдердің арпаға деген сұранысы бірте-бірте өсіп жатыр. Қыркүйек айында темір жол арқылы Иранға 140 мың тонна дәнді дақыл жіберілген.

Бүгінде ирандық компаниялар ұсынған баға әлемдік нарықтағы бағадан елеулі түрде төмен. Әлемдік нарықта 195 АҚШ доллары болса, олар 155 АҚШ долларын ұсынады. Ресей арпасы азайып, одан басқа жеткізушілер болмағандықтан, болашақта баға әлемдік нарықтағы деңгейге жетуі ықтимал.  

Тұрақты нарықтық жағдайды ұстап тұру үшін барлық қатысушылар әрекеттері келісіліп, баға теңгеріміне жетуге бағытталуы қажет.

Мұнымен қатар, Орталық Азия елдеріне тасымалданатын астық жеткізу көлемі де тұрақты түрде өсіп келеді. Тоғыз айдың ішінде 2,9 млн тонна артылған. Бұл – былтырғы жылдың көрсеткіші.

Оның үстіне, қазіргі кезде Орталық Азия және Каспий аймағы елдері қазақстандық бидайды сатып алу ниетін білдіріп жатыр. Айталық, Түркіменстан 3 және 4 сұрыпты бидай сатып алуға әзір. Әзербайжан болса, Ресей мен Қазақстаннан 1 млн тоннаға дейін жыл сайын астық импорттайды. Баға тең болған кезде қазақстандық қызыл бидай қашанда сұранысқа ие. Өйткені, ұнның күші – W көрсеткіші жоғары.

Сондай-ақ оқыңыз