Доллар бағамы 500 теңгеден аса ма – Ұлттық банк төрағасы жауап берді

Жарияланды
Сүлейменов доллар
Сүлейменов доллар жыл соңына дейін қатты қымбаттамайтынын айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда доллар қымбаттап жатыр. Алайда Ұлттық банк төрғасы Тимур Сүлейменов жағдай тұрақты екенін, доллардың жыл соңына дейін қатты көтерілмейтінін айтты. Бұл жайлы банк өкілі Ұлттық банк ұйымдастырған брифинг барысында айтты.

Сүлейменов соңғы күндері доллар бағамының біршама жоғарылауына сыртқы және ішкі нарықтағы экономикалық факторлар әсер еткенін айтады. Оған ең алдымен елдегі экономикалық белсенділік ықпал етіп отыр.

«Біз кәсіпкерлік субъектілерінің долларға деген сұранысының айтарлықтай артқанын байқап отырмыз. Яғни жеке сектор мен квазимемлекеттік сектор субъектілері долларды көптеп сатып ала бастаған. Сұраныс инвестициялық, инфрақұрылымдық, сауда-экономикалық салаларда артты», – дейді банк басшысы.

Ұлттық банк басшысы сонымен бірге қазір шетелмен түрлі келісімшарттар жасалып жатқанын, олармен арадағы келісімшарттар негізінде елге шикізат пен түрлі жабдықтар, технологиялар шетелден импортталатынын айтты. Осының барлығы долларға деген сұраныстың артуына ықпал етеді. Бұл – ішкі фактор. Ал сыртқы фактор ретінде доллардың өзінің күшеюін айтуға болады.

«Доллар валюта ретінде күшейді. АҚШ Федералды резервтік жүйесінің ақша-несие саясаты нәтижесінде доллар нығайды. Қазан айының басынан доллардың басқа валюталарға қатысты индексінің нығая түскенін байқауға болады. Америкалық валюта басқа валюталарға қатысты 2,1%-ға, яғни, еуроға, иенге, франкқа қатысты қымбаттап отыр. Ал біздің сауда әріптесіміз саналатын Ресейдің рубліне қатысты доллар 4%-дан астам нығайған. Осылайша, доллардың жаһандық нығаюы біздің теңге бағамына да әсер етті», – дейді Сүлейменов.

Доллардың қымбаттауына әсер еткен тағы бар фактор ретінде Ұлттық банктің БЖЗҚ-ны басқарудың тиімділігі мен кірістілігін арттыру үшін доллардағы зейнетақы активтерінің үлесін арттыруын атап өтуге болады. Ұлттық банк өкілі бұл шаралар қордың жоғары табыс әкелуі үшін қабылданғанын айтты.

«Бүгінде біз доллар үлесін өзіміз жоспарлаған межеге жеткіздік. Қазір БЖЗҚ-ның 20,5 трлн активтерінің 40%-ға жуығы долларда. Сөйтіп БЖЗҚ үшін доллар сатып алуды тоқтату туралы шешім қабылдадық. Біз өз мақсаттарымызға жеттік және бізге артық доллар қажет емес. БЖЗҚ-дағы доллар үлесін 40% деңгейінде сақтаймыз», – дейді банк басшысы.

Сонымен бірге Сүлейменов теңгені тұрақтанатынын айтты. Оған Ұлттық қордағы долларларды сату арқылы қол жеткізілмек. Үкімет Ұлттық қордан қосымша трансферттер сұраған. Сол трансферттермен қамту үшін қазан айында қордан Қаржы министрлігі сұратып отырған бюджетке арнап, рекордтық көлемде доллар сату жоспарланған.

«Ұлттық қордан рекордтық көлемде 1,3-1,4 млрд доллар сатамыз. Доллар ұсынысы бойынша бізде әлі де жеткілікті қаражат бар. Бүгінде 1,4 млрд доллардың шамамен үштен бірін саттық. Ал ай соңына дейін тағы 3/2 сатамыз деп жоспарлап отырмыз. Тиісінше, бұл қаражат құбылмалылықты бәсеңдетуге және бағамның неғұрлым іргелі мәндеріне оралуына жеткілікті көлемде ықпал етеді деп ойлаймыз», – деді Сүлейменов.

Брифинг барысында журналист доллар бағамының көтерілуіне байланысты «Үкімет бюджетінің жоспарына өзгеріс енуі мүмкін бе?» деп сұрады. Ұлттық Банк төрағасы қазіргі жағдайға байланысты орташа доллар құнын есептеп шығарғанын, оған сәйкес доллардың орташа жылдық бағамы 2024 жылға жоспарланған 460 доллардың шамасында шыққанын айтты.

«Сәйкесінше, бағам тұрақты болса, оны өзгертудің қажеті болмайды. Біз доллар бағамы жыл соңына дейін қатты көтеріліп кетеді деп ойлаймыз. Қалай болғанда да доллардың орташа бағасы осы осы көрсеткіштер төңірегінде болады. Сондықтан біз үкіметке 2024 жылға доллардың орташа жылдық бағамын өзгертуге ұсыныс жасамаймыз», – деді банк төрағасы.

Еске сала кетсек, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова да доллардың қымбаттауына бюджет шығыстарының ұлғаюы мен квазимемлекеттік компаниялардың қаражат жұмсауы ықпал еткенін айтқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз