Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан 2 трлн теңге көлемінде қаражат сұраған
Қазақстан Үкіметі бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан 2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт сұратқан. Бұл жайлы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Қосымша трнасферттер жөнінде айтар болсақ, Үкімет 2 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт сұратып отыр», – деп мәлімдеді банк басшысы.
Банк төрағасы сонымен бірге бюджеттік ережеге сәйкес, Үкімет кепілдендірілген трансферт көлемін ұлғайта алмайтынын, сондықтан нысаналы трансферт сұралғанын айтты. Ал нысаналы трансферт көлемі шектелмейді.
«Неге нысаналы трансферт сұралды? Нысаналы трансферт 1,6 трлн теңге көлемінде жоспарланған еді. Енді ол 3,6 трлн болады. Өйткені ол бюджеттік ереженің периметріне кірмейді. Яғни кепілдік берілген трансферт Бюджеттік кодекспен шектелген, ал нысаналы трансферт шектелмеген», – деді Сүлейменов.
Осы орайда реттеуші нысаналы трансферттерді бюджеттік ереженің периметріне кіргізуді ұсынып отырғанын айтты. Бұл нысаналы трансферттерді ерікті түрде үлкейту тетіктерін шектеуге мүмкіндік береді. банк басшылығы оның көлемі макроэкономикалық өлшем шегінен шықпауы керек деп санайды .
«Бұл ұсынысымызға әріптестеріміздің қалай жапа беретініні білмеймін. Өйткені бұл банктің ақша-несия саясатына емес, үкіметтің салықтық-бюджеттік саясатына қатысты мәселе»,- дейді Сүлейменов.
Айта кетсек, баспасөз мәслихатында Ұлттық банк басшысы үкіметтің сұранысына сай, Ұлттық қордан 1,3-1,4 млрд доллар сатылатынын айтты. Өз кезегінде бұл шара 500 теңгеге жетіп қалған доллар бағамына қатысты теңгенің тұрақтануына мүмкіндік беретінін айтты.
Сонымен бірге банк төрағасы нарықтағы құбылмалы жағдайға қарамастан, доллардың орташа жылдық бағамы 460 теңге көлемінде сақталатынын, 2024 жылға арналған бюджеттік жоспарға өзгеріс енгізу туралы банк тарапынан ұсыныс жасалмайтынын жеткізді.