Табыс табу үшін ақшаны қайда сақтаған дұрыс – Ұлттық банк басшыларынан кеңес

Жарияланды (жаңартылды )
Банк өкілдері ақшаны депозитте ұстауды ұсынды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Үлкен табыс табу үшін ақшаны қайда салған дұрыс? Бұл сұраққа Ұлттық банк өкілдері жауап берді.

«Үлкен табыс табу үшін ақшаны қайда салу керек – алтын, акциялар, депозит, валюта, жылжымайтын мүлік пе?», – деп сұрады журналист.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова ақшаны қандай валютада сақтау қажет екенін әркім өзі шешетінін айтты. Десе де ақшаны депозитте сақтауға кеңес берді. Ал акциялар мен облигацияларға ақша салу үшін біліктілік қажет болатынын айтады. Басқа маңызды салаларға инвестиция салу үшін білікті мамандарға жүгінуді ұсынды.

«Бұл адамның мақсатына байланысты. Көптеген қазақстандық жинақтарының бір бөлігін шетел валютасында сақтайтыны рас. Өйткені бұл ақшаға олар шетелдік тауарлар алуы мүмкін, шетелге демалысқа баруы мүмкін немесе балаларын шетелде оқытуды жоспарлауы мүмкін. Сондықтан ақшаны қай валютада сақтауды әркім өз ыңғайына қарай таңдайды. Инвестициялық құралдар туралы айтатын болсақ, оларға ақша салу үшін кәсіби мамандардың қызметіне жүгіну керек. Өйткені бүгінгі күні қандай бағалы қағазды сатып алу керек екенін анықтау өте қиын. Ақша сақтаудың ең оңай жолы – депозиттер деп айтар едім», – деді банк өкілі.

Молдабекова теңге мен доллардан басқа акцияларға, облигацияларға, валюталарға инвестициялауға қатысты білім мен дағдылар жиынтығы қажет болатынын айтады. Ал ондай білім болмаған жағдайда кәсіби мамандар мен брокерлік ұйымдардың көмегіне жүгінген жөн деп санайды.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов те ақшаны депозитте сақтаған жөн деп санайды. Білікті мамандардың көмегінсіз акцияларға ақша құюдың тәуекелі көп екенін ескертеді.

«Егер сіз жас болсаңыз, зейнеткерлікке шыққанға дейін көбірек ақша табу үшін уақытыңыз бар. Негізі әр адамның портфолиосында депозит болуы керек. Өйткені депозиттерге кепілдік беріледі. Жалпы кепілдік сомасы барлық валютада 20 миллион теңгені құрайды. Жинақ салымдарына 20 миллион теңгеге дейін, басқа депозиттерде 10 миллион теңгеге кепілдік беріледі, шетел валютасында бар болғаны 5 миллион теңгеге дейін кепілдік беріледі»,– деді Баймағамбетов.

Ал қор нарығына шығуды жоспарлайтын болса, онда үлкен тәуекелдерге дайын болу қажет деп санайды. Өйткені бұл нарықта ақша табу мен оны жоғалту тәуекелдері де жоғары болады.

«Қор нарығына шыққысы келген адам кәсіби мамандарға жүгінуі керек. Ал өз түйсігіне сүйеніп, жеке акцияларды сатып алудың еш мағынасы жоқ. Ол жерде тәуекел өте жоғары», – деді банк өкілі.

Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар, еуро, фунт сияқты валюталарды жинақ пен инвестиция құралы ретінде қарастырмаған жөн деп санайды.

«Валютаны транзакциялар үшін қажет жерде ғана пайдалану керек. Егер сіз бизнесмен болсаңыз – сатып алуға, егер сіз қарапайым азамат болсаңыз – демалысқа, жеке қажеттіліктерге ұстаңыз. Валютаны инвестиция және жинақ құралы ретінде қарастыруды ұсынбаймын», – дейді Сүлейменов.

Сондай-ақ оқыңыз