Ақтөбеде спорт мектептерінің басшылары бюджет қаражатын бәс тігуге жұмсаған
Ақтөбе облысында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылары 6 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын талан-таражға салған. Бұл қаражатты өз қажеттілігіне қарай жаратып, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге жұмсаған.
Кейінгі 3 жылда Ақтөбе облысында кәсіби клубтарды дамытуға бөлінетін қаражат екі есе көбейген. Спортшылардың республикалық және халықаралық жарыстарға дайындалуына және қатысуына бюджеттен 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Спорт алаңдары мен залдарды жалға алған әуесқой спорт командаларынан алынған қаражатты негізсіз жымқырғаны анықталды.
«Ақтөбе» футбол клубы командасын ұшақпен тасымалдауға көп ақша жұмсалған. Билеттерді бірнеше делдал арқылы сатып алу фактілері тіркелді. Әуе қызметі үшін 165 млн теңгеден астам жоғары бағамен төлем жасалынған.
Орын алған барлық факті бойынша прокуратура ықпалымен Қылмыстық Кодекстің 189-бабының 4-бөлігімен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) 3 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.