Үйі өртенген Шерзат Болаттың отбасына әкімдік үйін қалпына келтіріп, уақытша баспана береді
Үйі өртенген Шерзат Болаттың отбасына әкімдік үйін қалпына келтіріп, уақытша баспана береді. Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі хабарлады.
Әкімдік отбасының қиын жағдайын ескере отырып, үйді жөндеу жұмыстарын тез арада бастап, уақытша баспана ұсынып отыр.
«Алматы облысының әкімдігі баспанасын өрт шалған Ш.Болаттың отбасына тұрғын үйді қалпына келтіруге көмектесетін болды. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары аяқталғанша, уақытша баспана беріледі», – делінген хабарламада.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы үйлердің бірінде өрт болды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
Тергеу аясында куәгерлерден жауап алынып, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін полицияға келіп түскен арызға сәйкес 4 қазанға қараған түні Талғар ауданында қаза тапқан кәмелетке толмаған баланың отбасы күзетпен қамтамасыз етілді.