Әлемге әйгілі британдық биші хореограф Акрам Хан Абай театрында шеберлік сабақтарын өткізді
Британия империясы Орденінің Кавалері, әлемге әйгілі биші хореограф Акрам Хан Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының балет труппасына бірнеше күн сабақ берді.
Британдық хореограф Абай атындағы опера және балет театры әртістерінің биге деген көзқарасын, педагогтердің аңқылдаған ақкөңіл екенін атап өтті.
Маған балет труппасының педагогтері қатты ұнады. Олар құшағын жайып қарсы алып, маған сұрақ қоюға мүмкіндік берді. Айтайын дегенім, басқа елге келгенде, өзімде бар тәжірибені ғана алға тартып, өз ережемді жүргізуге емес, бірінші кезекте өзімді өзге бишілер арқылы танып-білуге ұмтыламын. Қанша жерден балет әртісі классикалық балетті орындаса да, оның денесі, қимылы – мәдени құндылық іспеттес ұлттық ерекшеліктен сыр шертетін жаны бар тірі қазына. Сондықтан маған олардың биге деген көзқарасы ұнады. Мен үшін ең бастысы, балет труппасының биіндегі рухты сезіну, – дейді қоюшы, биші және хореограф Акрам Хан.
Жұмыс істегенді ұнататын емес, билегенді ұнататын адамды таңдайтын хас шебер әлемді көп аралайтынын және адамдармен жұмыс істегенде көңілінен шыққан әртістерді Лондонға өзінің компаниясына шақыратынын, Абай театрында да бірқатар балет әртісі ұнағанын жасырмады. Қазақ өнерінің қара шаңырағына, жалпы Қазақстанға алғаш келгендіктен, хореограф алдағы жоспарды уақыт көрсетеді деп сөзін түйіндеді.
Түп тамыры мұсылман, әйгілі биші үшін Қазақстанның киелі төрі – Түркістанға, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне бару маңызды екені сөзсіз. Осы орайда Абай театрының басшылығы қадірлі қонаққа арнайы сапар ұйымдастырды.
Мен мұсылман отбасында дүниеге келгендіктен, Қазақстанмен ерекше байланысты сезінемін. Анам рухани тұрғыда терең адам еді, сол байлықты Қазақстаннан – мәдениетке деген рухани көзқарастан таптым. Бидегі руханиятты сөзбен жеткізіп түсіндіре алмайсың, ол би емес. Би – ол бір қимылдағаннан кейін, көлеңкесі де қалмайтын ақталу сияқты қозғалыс қана. Ал сол қозғалғанға дейінгі ұмтылыс, ол сенің тілің, айтайын деген сөзің. Әлемде тілдің түрі көп, бидің де түрі мол. Мені қызықтыратыны дене тілінің өзі емес, айтайын деген сөзіңнің арасындағы үзіліс, сәйкесінше бір қозғалыс пен келесі қоғалыстың арасындағы тыныштық кезінде өзіңнің қалай қимылдағаныңды естисің – рухани құндылық дегеніміз сол. Менің өмірімнің философиясы осы, – деді Акрам Хан.
Акрам Ханның қоржынында «Арыстандар ұйықтап жатқанда» («Until the Lions»), «Kaash», «iTMOi», «DESH», «Тіке жол» («Vertical Road»), «Білім» («Gnosis») және «Нөл белгісі» (Zero degrees) сияқты қойылымдар бар. Сонымен қатар Лоренс Оливье атындағы сыйлық, ISPA, Фред пен Адель Астер және басқа марапаттардың иегері.