Көктайғақ пен бұрқасынға байланысты Қарағанды облысында жол қозғалысы шектеледі
Қолайсыз ауа райына баланысты Қарағанды облысының Ақсу-Аюлы – Балқаш бағытындағы жол қозғалысына шектеу қойылды. Бұл жайлы «ҚазАвтоЖолдың» баспасөз қызметі хабарлады.
«2024 жылғы 14 қазанда сағат 08:30-да ауа райының бұзылуына байланысты «РФ шекарасы (Екатеринбургке) -Алматы» автожолының 1610-1855 шақырымы аралығындағы Ақсу-Аюлы – Балқаш бағытында автокөліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады»,- делінген хабарламада.
Өңірде бұрқасын болып, күн суытады. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, 14 қазанда Қарағанды облысының батысы мен шығысында жел күшейеді. Облыстың солтүстігіндегі жолдарда көктайғақ болады. Ал облыстың батысы мен солтүстігінде солтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с дейін жетуі мүмкін. Бұл күні Қарағанды қаласында да көктайғақ күтіледі. Сондықтан көлік жүргізушілерге барынша жол-ережелерін сақтау ескертіледі.
Айта кетсек, 11 қазанда Солтүстік Қазақстан облысында қар жауып, боран соғуына байланысты «ҚазАвтоЖол» сағат 19:30-дан бастап өңірдің бірнеше автожол учаскесінде шектеу қойылғанын хабарлаған болатын.
Ал 12 қазан күні «Қазақстан теміржолының» баспасөз қызметі ауа райына байланысты жабылған Астана-Көкшетау тас жолынан 600 адам эвакуацияланғанын хабарлады.