Үкіметтің келер жылға деген жоспары оптимизмге толы, бірақ оған бюджеттегі ақша жете ме?

Жарияланды
Kursiv Research бас талдаушысы
Үкіметтің жоспарын орындауға бюджеттегі ақша жете ме? / Коллаж kursiv.media, биль-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылы ел экономикасы бір қалыппен өсіп келеді, алайда бюджетке түсетін корпоративтік табыс салығы (КТС) мен қосымша құн салығының (ҚҚС) көрсеткіштері қысқарып барады. Ал республикалық бюджеттің жобасына ден қойсаңыз, Үкімет салық төлемдерін келесі жылы да арттыруды көздеп отырғанын жазбай танисыз.

ҚР қаржы министрлігі 2025 жылға жоспарланған республикалық бюджеттің жобасын жария етті. Жоба әлі бекітілген жоқ, дегенмен қазірдің өзінде аталған құжатқа қатысты бірқатар сұрақтар туындап отыр.

Бюджеттің орындалуын бағалауға қатысты ресми мәліметтерге жүгінсек, биылғы жылдың қорытындысы бойынша КТС және ҚҚС бойынша түсімдердің көлемі былтырғыдан да (биылғы бюджет дағдарысының бірінші жылы) төмен болуы ықтимал. Ал республикалық бюджетке түсетін салық ауқымының негізгі бөлігін әдетте дәл осы екі салық құрайтыны белгілі.

Әйтсе де Үкіметтің 2025 жылдың бюджетін қалыптастырудағы оптимизмі шамадан тыс деуге тұрарлық, соған қарағанда былтырғы қимыл-әрекет (Ұлттық қордан қосымша қаражат алу арқылы фискалдық дағдарыстың алдын алу дегендей) пен бүгінгі жағдай – министрлер кабинетіне сабақ болмаса керек.

Салық қалай азайды?

«2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына қатысты пікір жазған авторлар тобы 2024 жылдың қаңтары мен шілдесі аралығындағы бюджетті толықтыру жөніндегі нақты динамикаға сүйеніп, КТС және ҚҚС бойынша биылғы түсімдірдің көлеміне баға беріпті. Олардың есептеулерінше, биыл бюджетке шамамен 3,3 трлн теңге түрінде КТС және 5,1 трлн теңгеге жуық ҚҚС түсуі тиіс. Егер бұл есептеулер дұрыс болса, онда биыл КТС және ҚҚС бойынша түсімдер былтырғымен салыстырғанда сәйкесінше 15,7%-ға және 11,0%-ға төмен шығады деген сөз.

2024 жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында республикалық бюджетке төленген корпоративтік табыс салығының сомасы шамамен 1,8 трлн теңгені құрады. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жиналған сома 196 млрд теңгеге аз – ал былтыр республикалық бюджетке 1,1 трлн теңге түрінде КТС түспей қалған (жоспардағы көлемге шаққанда –21,7%). Оның орнын ел үкіметі Ұлттық қордан қосымша қаражат алумен толтырғаны белгілі. Бұл тұрғыда тіпті жаңа схема да ойлап табылды. Ұлттық қордың ақшасына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан «ҚазМұнайГаз» акцияларының 20%-ы сатып алынды да, осы мәміле нәтижесінде түскен 1,3 трлн теңге республикалық бюджетке бағытталды.

КТС жинаудың нашарлап кеткенін есепті кезеңдегі нақты төлемдердің жыл соңына жоспарланған нәтижеге шаққандағы арақатынасынан да байқауға болады. 2024 жылдың жеті айында коэффициент 37,2%-ды құраған, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,7 пайыздық тармақ аз көрсеткіш. Бірақ былтыр көлденең шыққан бюджет дағдарысын айналып өткенімізді ескерсек, биылғы көрсеткіштерді 2023 жылғы деректермен салыстырған дұрыс емес.

Бұл тұрғыда 2021–2022 жылдардағы мәліметтер репрезентативті дей аламыз, өйткені сол тұста бюджет түсімдері жоспарға сай орындалып жатты. Осы екі жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында корпоративтік табыс салығының орындалуының орташа мәні 53,2% деңгейінде қалыптасты. Осыдан келіп, КТС-тің биылғы жеті айдағы орындалу көрсеткіші соңғы екі жылдағы орташа деңгейден 16 пайыздық тармақ төмен деп түйіндей аламыз.

ҚҚС түсімдерінің көлемі де қысқарып барады. 2024 жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында қосымша құн салығынан жиналған салық көлемі 2,5 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 422 млрд теңге аз ауқым. Қосымша құн салығын орындау индексі 2024 жылдың жеті айында 34,2% деңгейінде қалыптасты, ал 2023 жылғы көрсеткіш 50,3%деңгейінде болатын (бұл арада былтырғы деңгей релевантты, өйткені ҚҚС бойынша жоспарланған көлем толық дерлік жиналды). Қалыпты деңгейге шаққандағы ауытқу көрсеткіші 16,2 пайыздық тармақ, осыған қарап-ақ ҚҚС жинау деңгейі нашарлай түскенін байқауға болады.

Инерция және жеңілдіктер

Салық жинаудағы теріс динамика соңғы рет пандемия тұсында, яғни 2020 жылы тіркелді. Ал ол кезде бюджетке түскен салық ауқымының азаюы заңды құбылыс-тын: қалай дегенмен, ел экономикасы біршама қысқарып (–2,5%), экспорт (–18,1%) және импорт (–2%) тауарларының көлемі азайып жатты.

Бірақ ресми статистикаға сүйенсек, бұл жолы Қазақстан экономикасының жағдайы жаман емес: мысалы, І жартыжылдықта еліміздің жалпы ішкі өнімі 3,2%, экспорт тауарлары ақшалай түрде 2,1% қосса, импорт 7,6%-ға қысқарған.

Ендеше салық түсімдерінің бүгінгі таңдағы төмендеуінің себебі неде? Бұл арада ішінара болса да, бюджет кірістерін тым оптимистік ұстаныммен жоспарлау салдарында көрініс берген былтырғы бюджет дағдарысының инерциялық сипаты да болуы мүмкін. Естеріңізде болса еліміздің 2023 жылға белгіленген бюджеті шектен тыс оптимизмге негізделіп құрылған-тын. Яғни онда Ұлттық қордан алынатын жоспарлы қаржы ауқымын қысқартумен қатар, салық жинауға қатысты оптимистік болжам басым болды.

Үкімет 2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 14,3 трлн салық жиналады деп күтті, бұл 2022 жылдағы нақты жиналған салық түсіміне шаққанда 42% артық ауқым. Болжам бойынша КТС төлемдері 5 трлн теңгеге немесе 2022 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 70%-ға артады деп пайымдалды. ҚҚС түсімдері бойынша болжанған өсім көрсеткіші біршама төмендеу болғанымен, соңғы бес жылдағы нақты динамикадан бәрібір жоғары болды, яғни 2023 жылы ел бюджетіне қосымша құн салығынан 5,8 трлн теңге түседі деп күтілді (немесе алдыңғы жылғыдан 38% жоғары ауқым).

Алайда нақты түскен салық ауқымы жоспардағыдан біршама аз шықты: КТС және ҚҚС бойынша жеткіліксіз ауқым 1,2 трлн теңгені құрады (оның шамамен 1,1 трлн теңгесі КТС бойынша). Жоғарыда айтылғандай, бюджеттің сөгілген тұсын Ұлттық қордың қаражатымен жамауға тура келді. ҚР Жоғары аудиторлық палатасы мамандарының пікірінше, салық жетіспеушілігі дұрыс жасалмаған болжам аясында орын алса керек.

2023 жылдың республикалық бюджетінің орындалуы туралы үкімет есебіне қатысты Жоғары аудиторлық палата мамандары әзірлеген қорытынды пікірде көрсетілгендей, «Ұлттық қордың қаражатын жанама түрде пайдаланумен» қатар қосымша құны салығын қайтару да тоқтатылған (536,8 млрд теңге көлемінде) және КТС бойынша алдағы төлемдердің авансы жүргізілген (есепті кезең 2024 жылдың І тоқсанына сай келгеніне қарамастан, 183 млрд теңге 2023 жылдың IV тоқсанында енгізілген).

2024 жылдың маусым айында ҚР қаржы вице-министрі Мәди Такиев – бюджетті толтыру мақсатында ресми мекеме ҚҚС қайтаруды тоқтатып, кәсіпорындардан аванстық төлемдер талап еткенін мойындады. Қаржы министрлігі қосымша құны салығын бірінші жарты жылдықта қайтарып беретін болып уәде етті. Алайда ҚҚС-ны қайтару мен КТС авансы бүгінгі қалыптасқан жағдайды толық түсіндіріп отыр дей алмаймыз – бұл тұрғыдағы сома жоспарланған салық түсіміне шаққандағы ауытқу көлемінен 2,5 еседей төмен (ҚР Ұлттық Банкі 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауытқу көлемін 1,7 трлн теңге деп бағалады).

ҚҚС бойынша түсімдердің жеткіліксіз көлемі импорт көрсеткішіндегі төмендеуді де түсіндірсе керек. КТС пен ҚҚС түсімдеріне қатысты ҚР қаржы министрлігі тарапынан берілген баға 2024 жылдың қаңтары мен шілдесі аралығындағы динамиканы қамтиды, ендеше осы арада сол кездегі статистикаға да назар аудара кетейік. ЕЭО құрамына енбейтін елдерден жеткізілген тауарларға төленген ҚҚС сомасы есепті кезеңде 13,6%-ға немесе 142 млрд теңгеге қысқарып кеткен (2023 жылдың жеті айымен салыстырғанда).

Теріс динамика Қазақстанның ішкі нарығында өндірілген тауарлар мен қызметтерге салынатын ҚҚС бойынша да анық байқалуда. Бұл тұрғыдағы түсімдер 249 млрд теңгеге немесе 24,3%-ға азайған. Ел экономикасының өсуі аясында бұл көрсеткіштің төмендеуін салықтық әкімшіліктің нашарлауымен түсіндіруге болады. Яғни бұл арада 2021 жылы дағдарысқа қарсы шара ретінде енгізілген. Бірақ әлі де қолданыста жүрген бөлшек салықтың кері әсері болуы да мүмкін.

Осынау арнайы салық режимін қызметкерлер саны 200 адамды құрайтын (шағын бизнес түгелдей және орта бизнестің бір бөлігі) және айналымы 2,2 млрд теңгеден төмен кәсіпорындар пайдалана алады – олар жеке және заңды тұлғаларға тауарлар мен қызметтерін ұсынғанда (егер заңды тұлғалар салықтық шегерімдер қолданбайтын болса) бюджетке 2%-дан 4%-ға дейінгі ставкамен салық төлейді, ал салықтық шегерімдер қолданатын фирмаларға – 8%-дық ставкамен. Бөлшек салық төлеушілер аясында 364 қызмет түрі қамтылған. Айтқандай, бұл арада бюджет шығындарын бағалау мүмкін емес, өйткені бөлшек режимдегі арнайы салықтық режимді қолданатын компаниялар саны туралы ашық статистика бізде жоқ.

КТС түсімдерінің азаю себебін, бәлкім, салықтық жеңілдіктерден немесе бизнестегі қаржылық оңтайландыру әдістерінен де іздеген дұрыс шығар. Өйткені экономиканың өсуі мен тауарлар экспортының ұлғаюы аясында шағын және орта компаниялардан түсетін КТС төлемдері артып (олар жергілікті бюджеттерге түседі), ірі компаниялардан түсетін КТС көлемі керісінше қысқарып барады (республикалық бюджетке түседі).

Бірбеткей оптимист

Ел экономикасының өсу қарқыны бірқалыпты екенін ескерсек, салық түсімдерінің қысқару себебін түсіну оңай емес – 2025 жылға арналған бюджет жобасында мұндай талдау жоқ, әрине, бірақ онда есепке алынған КТС және ҚҚС бойынша төлемдер көлемін шамадан тыс оптимистік деп сипаттауға әбден болады.

2025 жылға арналған республикалық бюджеттің жобасын әзірлеу барысында жаһандық экономиканың қалыпты қарқынын және инфляцияның төмендеу мүмкіндігін, сондай-ақ қаржы және сауда нарықтарындағы тұрақтылықты есепке алған базалық сценарий қолданылған. Мұнайдың бағасы барреліне 75 АҚШ доллары деңгейінде деп белгіленген, ал мұнай өндіру 97,4 млн тоннаға жетеді деп пайымдалған (салыстыру үшін: 2023 жылы елімізде 90 млн тонна мұнай өндірілді, ҚР энергетика министрлігі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 95,4 млн тонна мұнай өндіріледі деп болжайды). Сол сияқты, бюджет жобасында тауарлар экспорты 82,1 млрд долларға, импорт – 63,8 млрд долларға дейін өседі деген болжам да бар. Жылдық инфляцияның мақсатты ернеуі 5,5%–7,5% шамасында қалыптасады деп белгіленген. Базалық сценарийге сәйкес келесі жылы ел экономикасы нақты мәнде 5,6% шамасында өсуі тиіс. 

2025 жылға арналған республикалық бюджетте КТС бойынша түсімдер 5,1 трлн теңге сомасында есептелген, яғни 2024 жылғы болжаммен салыстырғанда 1,8 трлн теңгеге немесе 55,2%-ға ұлғайып артады деген пайыммен: 1,1 трлн теңге мұнайдан тыс сектордағы өнім көлемін арттыруды, 683 млрд теңге салықтық әкімшілік барысын жетілдіруді қамтамасыз етуі тиіс.

2025 жыл бойынша ҚҚС болжамы 6,5 трлн теңге сомасында есептелген, бұл 2024 жылдың болжамынан 1,5 трлн теңгеге немесе 28,9%-ға артық көрсеткіш. Бұл сомадан салық әкімшілігін жетілдіру үшін 601 млрд теңге, ҚҚС-ның қайтару сомасын азайтуға – 595 млрд теңге, ел экономикасын өсіруге 128 млрд теңге бағытталады деген пайым бар.

Жалпылай алғанда, ағымдағы жылдың есептік көрсеткішімен салыстырғанда республикалық бюджеттің кіріс бөлігі (трансферттерді есепке алмағанда) 2,9 трлн теңгеге (немесе 22,8%-ға) ұлғайып артуы тиіс. Болжамдық модельде негізгі өсімді қамтамасыз ететін екі фактор есепке алынған, олар – макроэкономикалық жағдайдың жақсаруы мен салықтық және кедендік әкімшіліктерді жетілдіру дегенге саяды. Бірақ бұл факторлардың әсерін есептеу алдын ала жасалған жорамалдарға байлаулы. Бұлардан түсетін қосымша түсімдер салық салынатын мұнай экспорты көлемінің ұлғаюынан түсетін қосымша кірістерден 4–5 есе жоғары. Яғни, бұл фактордың әсері нақты бір жағдайларға сай және қандай да бір жорамалдарсыз есептеледі деген сөз.

Сондай-ақ оқыңыз