2025-2026 жылдары Қазақстан экономикасын үш ірі дағдарыс күтіп тұр – экономист

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қазақстан экономикасын қандай дағдарыс күтіп тұр / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан экономикасы 2025-2026 жылдары негізгі 3 дағдарыспен бетпе-бет келуі ықтимал. Бұл туралы Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков өз сұхбатында мәлімдеді. Экономистің пікірінше, жекелей алғанда, бұл дағдарыстар үлкен қауіп төндірмесе де, олардың бір уақытта келуі экономикаға үлкен қысым жасауы мүмкін.

Сарапшының пайымдауынша, Қазақстанды алдағы 2 жылда үлкен үш дағдарыс күтіп тұр. Алғашқысы – бюджет дағдарысы. Жалпы ел бюджеті 2007 жылдан бастан дағдарыс кешіп жатқаны белгілі. Қазір Қазақстан бюджетінің кірісі мен шығысындағы айырма тереңдеп барады.

Кейінгі 5 жылдағы көрсеткішті алсақ, 2019 жылы бюджет тапшылығы 1,3 трлн теңге болса, коронавирус жайлап, карантин енгізілген 2020 жылы бюджет тапшылығы 2,2 есе өсіп, бірден 2,8 трлн теңгеге жеткен. 2021 жылы – 2,5 трлн теңге, 2022 жылы – 2,1 трлн теңге, ал 2023 жылы 2,8 трлн теңгені құраған. Ал 2024 жылдың 8 айындағы көрсеткіш 1,7 трлн теңгеге тең.

Жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 5 жылда бюджет тапшылығы 11 трлн теңгеден асқанын айтып, Үкіметке бюджетті тиімді басқаруды тапсырды.

«Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді»,  – деді мемлекет басшысы.

2025 жылы бюжет тапшылығы рекорд орнатып, 4,1 трлн теңгені құрауы мүмкін.

Екіншіден, экономист сауда балансында дағдарыс орнауы ықтимал деп тұжырымдайды. Өйткені ел импорты экспорттан асып тұр. Сырттан келетін тауар көлемі Қазақстанның шетелге шығаратын өнімінен жоғары.

«2024 жылы шетелден сатып алған тауарымыздың құны экспортымыздан 9 млрд долларға артық. Мұндай бейтеңгерімге негізінен қызметтерді сатып алу көлемі себеп. Яғни шетелге капитал көп кетіп жатыр», – деді экономист.

Алайда Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов теңге бағамына қатысты пікір білдіргенде, елдің төлем балансы тұрақты деп тұжырымдаған. Қазақстан мұнай экспорттаушы ел болғандықтан, мұнай сатылымынан түсетін кірістер елдің сыртқы сауда балансы мен жалпы бюджеттің маңызды бөлігін құрайды. Мұнай бағасы жоғары болған кезде елдің экспорттан түсетін табысы артады. Бұл елдің төлем балансын жақсартып, ұлттық валютаға қолдау көрсетеді. Ал мұнай бағасы төмендеген кезде экспорттық табыстар қысқарып, теңгеге қысым ұлғаяды. Әлемдік сарапшылар 2025-2026 жылы мұнай бағасы құбылуы мүмкін екеніне назар аударған.

Үшінші дағдарыс – қарыз дағдарысы. Өйткені жеке компаниялар алған қарызды өтеу мерзімі осы жылдарға келеді. Ұлттық банк дерегі бойынша, Қазақстанның сыртқы қарызы 166,7 млрд доллардан асады. Соның 137 млрд доллары – жеке сектордың алған қарызы болса, 29,6 млрд доллары – мемлекеттік сектордың сыртқы борышы.

«Үшінші дағдарысқа 2025-2026 жылдары жеке компаниялардың қарызын өтеу мерзімі себеп болады. Біздің бағалауымызша, жеке компаниялардың сыртқы қарызы 101 миллиард АҚШ долларын құрайды. Алдағы 2 жыл соларды өтеу мерзіміне тұспа-тұс келеді. Яғни тағы да капитал шетелге кетеді деген сөз», – деп түсіндіреді Қайырбек Арыстанбеков.

Нәтижесінде, расында Қазақстан жоғарыда аталған дағдарыспен бір уақытта бетпе-бет келсе, қаражат жетпеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде теңгенің күрт құнсыздануы, Ұлттық қордың сарқылуы мен елге инвестиция ағынының азаюына алып келуі ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз