Жанармай құйдыру үшін шетелден келген көліктер енді айып тұрағына қойылуы мүмкін

Жарияланды
Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар жанар-жағармайды әкетуге жол бермеу жөніндегі іс-қимылдар алгоритмін келісіп жатыр / фото: кursiv.media мұрағаты

Жанармай құйдыру үшін шетелден келген көліктер енді айып тұрағына қойылуы мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады.

Kursiv.media cауалына орай, министрлік шекаралас аймақтарға жанармай құйдыруға бола келетін Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарына қарсы қалай күрес жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Майлау майларын қоспағанда, көліктің автомобиль түрімен жанармай, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салынған. Бұл жөнінде «Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрығы бар. Оның қолданылу мерзімі ұзартылды», – делінген министрліктің жауабында.

Сонымен қатар қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар жанар-жағар майды әкетуді азайту және оған жол бермеу жөніндегі іс-қимылдар алгоритмін келісіп жатыр.

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, бірқатар іс-шаралар қолға алынып жатыр.

Атап айтқанда, автокөлікпен жанар-жағармайды заңсыз тасымалдауға тосқауыл қою үшін көлік құралдарын пайдалану талаптарының сәйкестігі тексеріледі. Оларды айыппұл тұрақтарына қойып, бақылау қатаңдауы ықтимал. Бұл – бір.

Екіншіден, автожанармай құю станциялары тексерілмек. Шекара маңы аймағында орналасқан, елден тыс жерлерге әкетіп жатқандарға жанар-жағармай сататын жанармай құю стансаларының тізімін жасамақ.

Үшіншіден, мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық бастамалар қолға алынады.

Қазір құқық қорғау органдары жанармайды әкетуге бақылауды күшейтіп жатыр.

Мұның алдында Энергетика министрлігі елімізде жанар-жағармай тапшылығы сезілмейтінін, мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті екенін мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз