Қос вилла мен әкімшілік ғимарат: мемлекетке тағы да 177 млрд теңгенің заңсыз активі қайтарылды
Бас прокуратура мемлекетке тағы да жалпы құны 177 млрд теңгеге тең заңсыз актив қайтарылғанын хабарлады. Активтердің қатарында екі вилла, әкімшілік ғимарат, тұрғын үй, пәтер, жер учаскесі және екі сәнді автокөлік бар. Әдеттегідей бұл дүние-мүліктің кімнен қайтарылғаны нақтыланбаған.
«Тізілім субъектілерімен жасалған келісімдердің нәтижелері бойынша шамамен 147 млрд теңге, процестік келісімдері бойынша 19 млрд теңге, активтерді өткізуден 6 млрд теңгеден астам, соттардың шешімдері бойынша шамамен 5 млрд теңге және жылжымайтын мүлікті жалға беруден 165 млн теңгеден астам қаражат түсті», – делінген хабарламада.
Алматы қаласында мемлекет меншігіне өткен жер телімі 4 есе қымбатқа сатылған. Актив 176 млн теңге бағамен қабылданып, 657 млн теңгеге сатылған. Сонымен қатар мемлекетті тағы да 150 млрд теңгеге толықтыруы мүмкін. Заңсыз активтерді қайтарудан түскен қаржы елдің әлеуметтік және экономикалық жобаларын жүзеге асыруға жұмсалады.
Активтерді қайтару жөніндегі комитет төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков 2022 жылдың басынан бері 1,9 трлн теңге болатын активтер қайтарылғанын хабарлады. Олардың ішінде зергерлік бұйымдар мен тарихи жәдігерлер бар.