Қазақстанда еңбек келісімшарттары толықтай цифрлық форматқа ауысады. Жеке деректер тарап кетпей ме?
Енді елімізде еңбек және ұжымдық шарттар жасасу цифрлық форматқа ауысады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бұл үшін арнайы заң жобасы әзірленгенін мәлім етті.
Министрдің сөзінше, бүгінде жүйеде 5 млн 600 мың электронды еңбек шарты тіркелген. Оларды цифрлық форматқа жұмыс беруші ұйымдар ауыстырып тіркеген. Жақыпованың түсіндіруінше, енді жұмыс беруші мен қызметкер бірыңғай платформада цифрлық келісімшарт жасай алатын болады.
«Біріншіден, кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орнын енгізе отырып, еңбек және ұжымдық шарттарды жасасудың цифрлық форматына көшу жоспарлануда. Тиісті Заң жобасы әзірленіп, қазан айының соңына дейін қарауларңызға ұсынылатын болады. Пилоттық режимде қазірдің өзінде электронды форматта 8,7 мыңнан астам еңбек шарты жасалған», – деді ол.
Светлана Жақыпова жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға көмектесетін 8 мың ұжымдық шарт туралы деректер министрліктің ақпараттық жүйесіне енгізілгенін айтады. Министрліктің ақпараттық ресурсында сақталатын электронды шарттардың қауіпсіздігіне кім кепілдік береді? Деректердің тарап кету қауіпі бар ма? Министр ондай келеңсіз оқиға орын алуы мүмкін емес екенін айтады.
«Деректердің тарап кетуіне қатысты айта кетейін, Еңбек министрлігінің барлық ақпараттық ресурсы ақпараттық қауіпсіздік бойынша сертификатталған және барлық ақпараттық ресурс тек мемлекеттік органдар ресурстарының ішінде таралғанымен, сыртқа шықпайды», – деп түсіндірді.
Ведомство басшысы электронды штаттық кесте жобасы да жүзеге асып жатқанын мәлімдеді. Бұл құрал еңбек ресурстарын, жұмыс орындарын құру және еңбек жағдайларын қалыптастыру процесін, жеке қорғаныс құралдарымен және әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етуді дәл есепке алуға мүмкіндік береді
» Үшіншіден, оңайлатылған тіркеу рәсімін енгізе отырып, платформалық жұмыспен қамтуды реттеу заңнамалық түрде енгізілді. Пилоттық жоба аясында 19 мыңнан астам такси жүргізушісі қосылып, 20 млн-нан астам фискалдық чек жазылды», – деді Еңбек министрі.
Айта кетейік, қазақстандықтар жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға да онлайн өтініш бере алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин жұмысынан айырылу туралы төлемді Enbek.kz сайты арқылы онлайн рәсімдеуге болатынын айтты. Ол үшін жұмыссыз ретінде тіркелу қажет. Мұны сол сайт арқылы жасауға болады. Бұл ретте әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болу қажет, яғни жұмыс беруші сіз үшін әлеуметтік аударымдарды жүзеге асыруы керек.
Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша елдегі жұмыссыздық деңгейі – 4,7%. Жұмыссыздар саны 452,2 мың адамды құрады. Жұмыс істемейтін және білім алумен немесе оқумен айналыспайтын NEET жастардың үлесі 7,3%-ды құрады.
127,8 мың адам жұмыссыздар ретінде ресми тіркелген
Жұмыспен қамту органдарында 127,8 мың адам жұмыссыздар ретінде ресми тіркелген. Бұл 2023 жылғы желтоқсан айының соңындағы көрсеткіш. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі 2022 жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа өсті. Ал жұмыс күшінің санынан 1,8%-ды құрады.
15 пен 34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5% шамасында.