Әуежайларды шетелдік компанияға басқаруға беруден Үкімет ұта ма, ұтыла ма?

Жарияланды
Фото: Алматы әуежайының баспасөз қызметі

Қазақстанда әуежайларды шетелдік басқаруға беру тақырыбы соңғы жылдары белсенді талқылануда. Бұл әуежайлардың тиімділігін арттыру және халықаралық стандарттарға сәйкес қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін жасалады. Негізгі мақсаттардың бірі — шетелдік тәжірибені енгізу, инвестиция тарту және авиациялық инфрақұрылымды дамыту. 

Негізгі себептері:

Инвестиция тарту: Жеке сектор мен шетелдік инвесторлар әуежайларға қажетті қаржы құя алады. Бұл жаңа терминалдар салу, әуе қатынастарын кеңейту және қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін қажет.

Халықаралық тәжірибе мен технологиялар: Әуежайларды шетелдік немесе жеке басқаруға беру халықаралық тәжірибені қолдануға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанның әуе логистикасы мен қызмет көрсету саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Қызмет сапасын жақсарту: Жеке сектор әдетте тиімді басқару әдістерін қолданып, қызмет көрсетудің сапасын жоғарылатуға мүдделі. Бұл ұшу қауіпсіздігін, жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартуға ықпал етеді.

Еліміздегі  әуежайларды мемлекеттік меншіктен шығарып, жеке секторға сату немесе шетелдік басқаруға беру – елдің экономикалық реформаларының маңызды бөлігі. Бұл процесс әуежайлардың тиімділігін арттыру, инвестиция тарту және халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету деңгейін көтеру мақсатында жүргізіледі.

Көлік министрі Марат Қарабаев еліміздегі мемлекеттік меншіктегі халықаралық, өңірлік әуежайларды шетелдік басқаруға беру жоспарымен бөліскен болатын.

«Қазақстандағы қалған 22 әуежайды еуропалық инвесторлардың басқаруымен жеке секторға беруге дайынбыз, бізде Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік хабқа айналу үшін үлкен әлеует бар», – деді министр.

Әуежайдағы жолаушылар тасымалы

2023 жылы елімізде жолаушылар тасымалы 13,3 млн адамды құрап, ең жоғары көрсеткішке жетті. Өңірлер бойынша Алматы қаласының әуежайынан  4,9 млн жолаушы тасымалданса, Астана 3,7 млн, ал  Шымкент қаласының әуежайы 1 млн адамды тасымалдаған.

Үш шаһардан бөлек, Маңғыстаудағы облысындағы Ақтау әуежайынан  943 мыңға жуық жолаушы жолға шыққан. Сонымен қатар еліміздің батыс өңірінде Атырау облысындағы Атырау халықаралық әуежайы да 723 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсеткен. Өзге өңірде жалаушы тасымалы төмен болғанымен, соңғы жылдары жоғары қарқынмен өсіп келеді.

Әуежай инфрақұрылымы

Қазақстан әуежайлары соңғы жылдары халықаралық талаптарға сәйкес жаңартылып жатыр. Мысалы, Алматы және Астана әуежайларында терминалдар кеңейтіліп, заманауи құрал-жабдықтар орнатылды. Әуежайлардың ұшу-қону жолақтары жаңартылып, үлкен жүк және жолаушы ұшақтарын қабылдай алатындай етіп жасалған. Дегенмен де өзге аймақтардағы әуежайлардың инфрақұрлымдық жағдайы мәз емес. Кейбір шағын аймақтық әуежайларда әлі де инфрақұрылымдық мәселелер бар. Әуежайлардың толық модернизациясы мен қызмет көрсету сапасы барлық жерде бірдей жоғары деңгейде емес.

Шымкент қаласы әуежайының  жаңа терминалы биыл қыркүйек айында ашылады деп жоспарланып отыр. Алматы қаласының жаңа терминалы да іске қосылды. Ал Астана қаласының ұшу, қону жолақтарының кеңейтілуі жұмыстары 2025 жылы бітеді деп күтілуде. Сондай-ақ Қызылорда облысындағы әуежай да биыл пайдалануға беріледі.

Шетелдік басқару және жекеменшік

Соңғы 2-3 жыл айналысында еліміздегі көптеген әуежай шетелдік басқаруға өтті. Оның ішіндегі басты әуе қақпалары Алматы Халықаралық әуежайы мен Астана қаласындағы әуежайлар шетелдік басқаруға өткен болатын. Жекеменшік иегерлері әуежай инфрақұрлымдарына өз қаржыларын салу арқылы күрделі жөндеу, жолақтарды кеңейту, жаңа термиалдар салу сияқты инфрақұрлымдық мәселелерді шешуде. Мәселен, Көлік министрлігінің мәліметінше, соңғы 3-4 жылда еліміздің ірі 7 әуежайына шамамен 2,4 млрд долларға жуық қаржы салуда. Олар: Шымкент, Қызылорда, Алматы, Астана, Ақтөбе, Қарағанды және Ақтау қалаларындағы әуежайлар.

Ұсақ әуежайлар мемлекеттік көмекке мұқтаж

Мемлекет тарапынан да алдағы жылдары өңірлерге жаңа әуежайларды салу жоспары бар. Мәселен, еліміздегі 6 өңірге жаңа әуежай, аэродром, аэровокзал сияқты инфрақұрлымдарға қаржы бөлмек. Үкімет 2024-2026 жылдары осы салаға 71 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ Үкімет еліміздегі қуаттылығы төмен, яғни жолаушылар тасымалы жылына 200 мыңнан аспайтын әуежайларды субсидиялауда. Сонымен қатар кейбір бағыттарды қолдау үшін авиакомпанияларды қаржыландыру шараларын жалғастырып келеді. Мысалы, 9 ұшу бағытын қолдау аясында Үкімет бюджеттен 2 млрд теңге субсидия бөліп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз