Монополияға қарсы агенттік ONAY жүйесін тексеріп жатыр
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Алматы қаласында электронды билет нарығын, соның ішінде ONAY жүйесін тексере бастады.
Бұл туралы Алматы қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Еркебай Әбдібакиев агенттіктің сегіз айда атқарған жұмысы туралы есеп беру кезінде айтылды.
Оның айтуынша, ONAY жолақысының біріңғай төлем жүйесі жұмысын бұзған DDoS-шабуылдан кейін тексеру басталған.
«Өкінішке қарай, департаментке DDoS-шабуыл туралы арыз келіп түскен жоқ. Жалпы ONAY қызметіне, «Алматы көлік холдингіне» қатысты, департамент қазір электронды билет нарығындағы бәсекелестік жағдайына талдау жүргізіп жатыр. Бұл мәселені осы талдау барысында қарастырамыз», – деді төраға орынбасары.
Еркебай Әбдібакиев сөзіне қарағанда, сегіз ай ішінде департамент Алматы қаласында 34 субъектінің басымдыққа ие екенін анықтаған. Ал екі субъект монополист болып шыққан. Жалпы сомасы 2,2 млрд теңге айыппұл салынып, 1,3 млрд теңге өндірілген. Бұл бағытта жұмыс әлі жалғасып жатыр.
Мұның алдында Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттік Petrosun ЖШС-ға қатысты тергеуді аяқтағаны, серіктестіктің 875 млн теңге көлемінде әкімшілік жазаға тартылғаны туралы жазғанбыз.