Қарағанды облысында жүк көліктерін заңсыз тіркегендер ұсталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
жүк тасымалы, жүк тасу
Қарағандыда жүк көліктерін заңсыз тіркегендер ұсталды / фото: архив kursiv.media

Қарағанды облысында жүк көліктерін заңсыз тіркеген бірнеше азамамат ұсталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері көлік құралдарын алғашқы тіркеу салығынан және утилизациялық төлемдерден босату мақсатында интеграцияланған ақпараттық жүйеге жүк көліктерінің VIN-кодтары туралы жалған мәліметтер енгізген.

Осылайша, олар 33 жүк көлігін заңсыз тіркеп, жергілікті бюджетке 315 млн теңгеден астам қаражат түсірмеген. Күдіктілер – бұрынғы ХҚКО басшысы және оның орынбасары ұсталып, сот шешімімен қамауға алынды. Сондай-ақ күдіктілердің 42 млн теңгеге бағаланған мүлкіне тыйым салынды.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу деректерін жариялауға рұқсат берілмейді.

Айта кетейік, биыл Ақмола, Қостанай, Алматы және Павлодар облыстарында көлік құралдарын жалған төлем құжаттарымен тіркеп, төлемдерді төлемеу фактілері анықталды. Сонымен қатар агенттік елдегі барлық ХҚКО-ларда жүк көліктері, автобустар және басқа да көліктердің дұрыс тіркелуіне ауқымды тексерулер жүргізді.

Бұған дейін ауыр жүк көлігін жүргізушілерге 100 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған еді. Бұл айыппұлдардың басым бөлігі Маңғыстау, Ақтөбе және Жетісу облыстарына тиесілі.

Қазақстандағы жалпыға ортақ автомобиль жолдарының тез бұзылуына ауыр салмақтағы көліктер себепші. Сол үшін де Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов мұндай көліктердің жалпыға ортақ жолдармен жүруіне тыйым салуды ұсынған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз