Шымкентте кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Шымкентте кәсіпкерлерді бопсалаумен айналысқан бірнеше топ ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Шымкент қаласында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 10-нан астам топ ұсталған. Олардың бопсалау, бұзақылық және заңсыз қару сақтау сияқты қылмыстарға қатысы бар екені анықталды.
8 қазан күні ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, көңіл көтеру орындарына «қылмыстық қамқоршылық» жасаған жастар тобы ұсталынса. 11 қазанда Шымкент қаласындағы кәсіпкерлерден бопсалау арқылы ақша талап еткен тағы бір қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Олар кіші кәсіп иелерінің үстінен қарау үшін 3 млн теңгеге дейін ақша талап еткен, қарсы болған жағдайда кәсіпкерлерге физикалық және моральдық қысым көрсеткен. Осы қылмыстар бойынша ішкі істер органдарына 35 күдікті жеткізілді, 100-ден астам тінту шаралары жүргізілді. Қару мен оқ-дәрілер тәркіленді.
Жыл басынан бері Шымкент қаласында қылмыстық топтардың әрекетін тоқтату барысында 30-дан астам атыс және травматикалық қару, оның ішінде Калашников автоматы, 15 кесілген мылтық, 11 тапанша, екі винчестер және мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленген. Аймақтардағы «заң мен тәртіп» қағидасын қамтамасыз ету жұмыстары ерекше бақылауда тұр, – деді Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмыспен күрес департаментінің өкілі Қуаныш Алпыс.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның ірі қалалары Алматы, Астана, Шымкентте 2 млрд теңгеден астам мүлік тонаған ұйымдасқан қылмыстық топтың 50-ге жуық адамы ұсталған еді.