Хасан Қасымбаев өзі туралы жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тартпақ

Жарияланды
Фото: Хасан Қасымбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Талғардағы 16 жасар Шерзат Болаттың өлімінен кейін әлеуметтік желілердің басты қаһарманына айналған «хуторлық» Хасан Қасымбаев бұл қылмысқа, жалпы, қылмыстық топтарға қатысы жоғын айтты. Оның сөзіне қарағанда, мұның бәрі жалған ақпараттар және мұндай ақпарат таратқандарды жазаға тартуды көздеп отыр.

«Қайтыс болған баланың туыстарына көңіл айтамын. Өте қиын. Ешқайсымыздың басымызға бермесін. Мен де әкемін. Үш бала тәрбиелеп өсіріп отырмын. Біздің отбасымызға да оңай болып тұрған жоқ. Қанша күннен бері ұйқы жоқ», – деді Хасан Қасымбаев.

Оның айтуынша, жалған ақпараттар отбасының мазасын қашырған. Қанша күннен бері ұйықтамаған.

«Бәрі «банда», «ҰҚТ» деп жатыр. Оған менің қатысым жоқ. Сотталмағанмын. Заңмен проблема болмаған. Әрине, «інісі сотталған» деп айтып жатыр. Інім 2017 жылдан бері жазасын өтеп жатыр. Заң бәрімізге ортақ. Жалған ақпарат таратпауыңызды сұраймын. Адвокат жалдадым. Жалған ақпарат таратқандардың бәрін жауапқа тартуды сұраймын», – дейді ол.  

Ол сөзінің соңында көпшілікті жалған ақпарат таратпауға шақырды. Шерзат Болатты өлтірген қылмыскерлердің заң бойынша жазасын алатынын айтты.

Мұның алдында Талғар ауданы әкімінің орынбасары Айбек Бидаев Хасан Қасымбаевтың ағасы Аслан Қасымбаевтың Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы екенін, бірнеше күнге ем алуға кеткенін хабарлады.  

Сонымен қатар Шерзат Болат қаза болған түнгі оқиғаның, ерегістен басталған сәтінің бейнежазбасы әлеуметтік желілерге жарияланды.

Сондай-ақ оқыңыз