Қытай Тайваньға ескерту жасап, арал маңында әскери жаттығу өткізіп жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қытай Тайвань маңында әскери жаттығулар өткізіп жатыр / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қытай Тайваньға ескерту жасап, арал маңында әскери жаттығулар өткізіп жатыр. Бұл арқылы аралдағы сепаратистік күштерге «қатаң ескерту» жасалып, оны қоршауға алу мүмкіндіктері пысықталғанын мәлімдеді. BBC арнасы жаттығулар Тайваньда жаңа президент сайланғаннан кейін екінші рет өткізіліп жатыр деп хабарлайды.

BBC-тің мәліметінше, Joint Sword 2024B атты әскери жаттығулар Тайвань президенті Лай Циндэ мәлімде жасағаннан кейін басталды. Тайвань басшысы Қытайдың Тайваньды күшпен өз құрамына қосуына қарсылық білдіретінін айтты.

Айта кетейік, Қытай Тайваньды өзінің ажырап қалған провинциясы деп санайды, ал арал өзін дербес мемлекет ретінде қабылдап, өз үкіметі мен қарулы күштеріне ие.

Қытай әскери жаттығулары Тайвань айналасындағы тоғыз аумақта өтіп, оған әскери кемелер мен ұшақтар қатысқан. Тайвань Қорғаныс министрлігі 25 қытай ұшағын, 7 әскери теңіз кемесін және басқа 4 кемені анықтағанын мәлімдеді. Министрлік Қытай маневрлерін «негізсіз және арандатушылық әрекет» деп атап, Тайваньның қорғанысқа дайын екенін ескертті.

Осы жылдың мамыр айында Лай Циндэ Тайвань президенті болып сайланғаннан кейін, Қытай Тайваньды барлық жағынан әскери кемелерімен қоршап, оны қоршау сценарийін пысықтаған жаттығулар өткізген болатын. Тайваньның одақтасы АҚШ бұл жаттығуларды бақылап, Қытайды аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіретін әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

«Біз ҚХР-ды сабырлы болуға және Тайвань бұғазы мен кең аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты бұзатын кез келген әрекеттерден аулақ болуға шақырамыз», — деді АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Мэттью Миллер.

Тайвань Қорғаныс министрлігі де қытайлық жаттығуларға жауап ретінде өз күштерінің әрекеттерін көрсететін бейнематериал жариялады. Онда әуе шабуылына қарсы қорғаныс қондырғылары, әскери көліктер мен әскери теңіз кемелері дайындыққа шығарылғаны көрсетілген.

Сондай-ақ оқыңыз