Ұлттық банк басшысы базалық мөлшерлемені төмендетуге негіз жоқ деп санайды. Өйткені Ұлттық қор ортайып барады

Жарияланды
Сүлейменов Ұлттық қордан трансферттердің артуы бағаға қысым көрсететінін айтты / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қорға түсіп жатқан қаражаттан, алынып жатқан қаражат көлемі артып кеткенін айтты. Бұл жайлы банк өкілі Үкімет сағатындағы баяндамасында мәлімдеді.

Банк басшылығы қор қаражатының инвестициялық табыс есебінен өсіп жатқанын айтады.

«Ұлттық қордың түсімдері мен алымдарының балансы теріс қалыптасып келеді. Яғни алымдар түсімдерден асып жатыр. Бұл жағдайда қор қаражатының өсімін қолдап тұрған жалғыз фактор – инвестициялық табыс»,  – деді Сүлейменов.

Инвестициялық табыс 9 айда 10,27%-ды құрап, 6,16 млрд долларды құраған. Ал Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 4,5%-ға артып, 62,7 млрд доллар болған.

Банк төрағасы бұлайша Ұлттық қордан трансферттер көлемінің артуы бағаларға қысым көрсететінін атап өткен. Сонымен бірге мұның салдарынан базалық мөлшерлемені төмендету қиындай түсетінін де жеткізген.

«Өсіп жатқан фискалдық алшақтықты жабу және Ұлттық қордан қаражат алу арқылы қаржыландыру ісін жалғастыру құралдары төңірегіндегі белгісіздікке жеке тоқталып өткім келеді. Жоғары көлемдегі трансферттер ақша базасын, ұсынысын ұлғайтып, бағаларға тікелей қысым көрсетеді. Бұл базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін едәуір шектейді», – деді банк басшысы.

Сүлейменов сонымен бірге базалық мөлшерлеменің қандай жағдайда төмендейтінін атап өтті. Ол үшін инфляция тұрақты түрде баяулауы қажет. Онда да инфляцияның орнықты бөлігі түскені маңызды. Сонда ғана реттеуші базалық мөлшерлемені ақырындап, сақтықпен төмендету мүмкіндігін қарастырмақ.

Бұған қоса, банк төрағасы базалық мөлшерлеме төмендеуі үшін бюджет тапшылығын қаржыландыру мәселесін де жүйелі әрі тиімді түрде шешу қажет деп санайды.

Банк басшысы соңғы күндері қатты құбылған теңге мен доллар бағамына қатысты да пікір білдірген. Айтуынша, қыркүйекте теңгенің айырбастау бағамы 1 доллар үшін
481,11 теңгені құрап, 0,1%-ға аздап нығайған. Алайда жыл басынан бері 5,8%-ға әлсіреп отыр.

«Теңгенің бұдан кейінгі динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, әлемдік нарықтардағы жағдайға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздікті болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстанатын болады», – дейді Сүлейменов.

Еске сала кетейік, Ұлттық банк 11 қазанда базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтап қалған болатын. Сонымен бірге базалық мөлшерлемеге қатысты брифингте банк төрағасы Тимур Сүлейменов үкіметтің бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан 2 трлн теңге сұратқанын да айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз