Иран Еуропаға ұшатын рейстерінің бәрін тоқтатты
ЕуроОдақ Иран әуе компанияларына санкция салған соң, Тегеран Еуропаға ұшатын бүкіл рейстерін тоқтатты. Бұл туралы Иран әуе тасымалдаушылары қауымдастығының директоры Мақсуд Асади Самани мәлімдеді.
«Еуропаға біздің елден Iran Air компаниясының ғана ұшақтары ұшатын. Енді ЕуроОдақтың Iran Air-ге салған санкцияларын ескере отырып, бұдан кейін бірде-бір Иран ұшағы Еуропаға ұшпайды», – деді Мақсуд Асади
Самани Иран әуе компанияларының Еуропаға ұшатын рейстері үлкен сұранысқа ие болғанын, бірақ енді рейстердің Түркия немесе БАӘ -дегі транзит арқылы ұшатынын айтты.
Euronews агенттігінің хабарлауынша, жаңа шектеу белгілі бола салып, бірнеше сағат өткен соң Иран әуе компаниясы жолаушыларға Еуропаға бүкіл рейстердің тоқтатылатыны туралы хабарлама жіберген.
Бұған дейін 14 қазанда ЕО Иранның үш әуе компаниясын жаңа санкциялар тізіміне енгізді. АҚШ қаржы министрлігі де Иранның әуе компаниясына санкция салғанын хабарлаған. Оған Тегеранның Мәскеумен тығыз байланысы себеп болған. АҚШ әуе компаниясын «Иранның әскери-өнеркәсіп кешенінің негізгі элементі» деп атап, Iran Air Ресейге Ираннан қару-жарақ жеткізетінін мәлімдеді.
Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қазақстаннан Дубайға ұшатын рейстердің бағыты өзгеріп, ұшу уақыты ұзарған болатын.