Ақтауда тіркелген микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
микроқаржы ұйымы
Тағы бір МҚҰ лицензиясынан айырылды / коллаж kursiv.media

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағы бір микроқаржы ұйымын (МҚҰ) лицензиясынан айырды. Ақтау қаласында орналасқан «Жаңа-Қаржы» МҚҰ-ның лицензиясынан айырылуына жүйелі түрде заң талаптарын бұзуы себеп болған. Бұған дейін реттеуші қаржы ұйымының лицензиясын тоқтатқан.

ҚНРДА шешімі шыққан күннен микроқаржы ұйымы не жұмысын тоқтауы, не қайтадан құрылуы шарт. Атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөзді алып тастауы керек. Ал клиенттері компания алдындағы өз міндеттемелерін толық өтейді.

Ұлттық банк дерегі бойынша, лицензиясынан айырылған қаржы мекемесі 221 ұйымның ішінде соңғы орында тұр. Кәсіпорын активтері 106,4 млн теңге, несие портфелі бар болғаны 292 мың теңгеге тең. Ал міндеттемелері 6,2 млн теңгеден асады. 911 мың теңге шығынға батқан.

Еgov ақпаратына сәйкес, МҚҰ 2008 жылы Ақтау қаласында тіркеліп, 2015 жылдың 21 қаңтарында қайта тіркеуден өткен. Құрылтайшылары Күләш Айтжанова, Гүлмира Әлмурзина, Меңдіханым Тұяқбаева деп көрсетілген.

Бұған дейін ҚНРДА 5 ломбардты лицензиясынан айырып, 4 МҚҰ-ны лицензиясынан айырған болатын. Енді қарызын кешіктірген борышкерлерге демалыс және мереке күндері хабарласуға рұқсат берілмек.  

Сондай-ақ оқыңыз