Онлайн несие алуға тыйым салына ма – ҚНРДА мен Ұлттық банк депутаттар ұсынысын қолдамайды

Жарияланды
онлайн несие
ҚНРДА басшысы онлайн несие беруге тыйым салуға асықпау қажет екенін айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор. Ахтам Зиперов

Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі депутаттардың онлайн-несиеге тыйым салу туралы ұсынысын қолдамайды. Бұл мәселені депутаттар мен ведомство өкілдері Мәжілісте көтерді.

Депутат Никита Шаталов Мәжіліс депутаттарының бастамасымен онлайн несие беруге тыйым салу мәселесі көтеріліп жатқанын, бұл бастама қарапайым азаматтардың қарызының көбейіп кетуіне тосқауыл болу мақсатында көтеріліп жатқанын айтты. Сонымен бірге тыйым салу арқылы халықтың атынан онлайн несие рәсімдейтін алаяқтардың әрекетіне кедергі қою көзделген.

«Үкімет онлайн несие беруге тыйым салу туралы бастамамызды қабылдайды деген үміттеміз. Осы орайда Ұлттық банк пен ҚНРДА-ның ұстанымы қандай?», – деп сұрады депутат.

ҚНРДА басшысы Мадина Әбілқасымова мұндай тыйым салуға асықпау қажет деп санайды. Тыйым салмастан бұрын, онлайн алаяқтардың әрекетіне тосқауыл болатын шараларды қабылдау тиімдірек болатынын жеткізді.

«Қазіргі уақытта банктерде цифрландыру жүргізіліп, барлық қызмет онлайнға ауыстырылды. Бұл қызметтерді көптеген қазақстандық пайдаланып жүргенін білеміз. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты зерделеу керек. Осы орайда тыйымды салуға асықпаған жөн. Оның орнына онлайн алаяқтыққа тосқауыл болатын тиімді шаралар енгізген дұрыс деп санаймын», – деді ҚНРДА төрағасы

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин де агенттік өкілінің пікірімен келісті. Ол мұндай тыйым салуды «кері құлдырау» деп бағалады.

«Онлайн несиеге толық тыйым салу банктердің қызметін кері құлдыратады. Заманауи цифрландыру жағдайында, барлық мемлекеттік қызметтер онлайн көрсетіле бастаған кезде мұндай шешім дамуға кері әсер ететіні анық. Бұл орайда банк қызметтеріне бақылау жүргізу тетіктерін реттеу керек. Осындай тиімді шаралар арқылы алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қоюға болады», – деді банк өкілі.

Сондай-ақ оқыңыз