Илон Маск Дональд Трамптың сайлауалды науқанына 75 млн доллар көлемінде қолдау көрсеткен

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Илон Маск Дональд Трамп
Илон Маск Дональд Трамптың сайлауалды кампаниясына 75 млн доллар көлемінде қолдау көрсеткен / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Tesla және SpaceX компанияларының басшысы, миллиардер Илон Маск АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамптың сайлауалды науқанына 75 млн доллар көлемінде қолдау көрсеткен. Бұл туралы АҚШ федералды сайлау комиссиясының сайтында жария болған есепте жазылған.

Есепке сәйкес, Маск Трамптың сайлауалды үгіт-насихат науқанына қолдау көрсету үшін America PAC атты саяси комитет құрған. Осы комитетке қаржыны жетіге бөліп, шілде, тамыз, қыркүйек айларында жолдаған. Сайлау науқанына арналып түскен қаржы көлемі 74,95 млн доллар болған.

Bloomberg ақпаратына сүйенсек, бұл қаржы негізінен жас жігіттерді үгіттеуге арналған цифрлық жарнама науқандарына жұмсалған. Осылайша Маск Камала Харристі жаппай қолдап жатқан жас әйел сайлаушыларға қарсы күш жинауға болады деп шешкен.

Масктың Трампқа деген қолдауы соңғы айларда қатты күшейіп, тіпті өзіне тиесілі Х әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) үгіт-насихат жасай бастаған.

Айта кетейік, осыған дейін Дональд Трамптың Илон Маскке сұхбат беріп, онда Tesla компаниясын мақтағанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз