Алматы бюджеті 9 айда 205 млрд теңгеге толығып, 1,8 трлн теңгені құраған – Досаев президент алдында есеп берді

Жарияланды
Алматы бюджеті 1,8 трлн теңгеге жеткен / Фото: Ақорда

Алматы бюджеті 9 айда 205 млрд теңгеге толығып, жалпы 1,8 трлн теңгені құраған. Бұл жайлы Ақордада президент қабылдауында болған Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев айтқан.

«Жергілікті бюджет кірістері 27,2%-ға артып, бұл Алматы қаласын 2025 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары аясында басымдық берілген жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Ал жыл басынан бері қала бюджеті 204,5 млрд теңгеге артып, 1828,5 млрд теңгені құрады»,- деген әкім.

Алматы қаласының биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысына сәйкес, қысқамерзімді экономикалық индикатор 104,1 пайызды құраған. Сонымен бірге әкім 2024 жылы Алматының жалпы ішкі өнімі 5,5% деңгейіне жеткенін атап өткен. Ал келесі жылы бұл көрсеткіш 6,4%-ға дейін көтеріледі деп болжанып отыр.

Қаланың негізгі капиталына бұл кезеңде 1,133 трлн теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде бұл кезеңдегі өсім 8,1%-ды құраған. Ал жыл соңына дейін инвестиция көлемі 2 трлн теңгеге дейін жетпек.

«Кәсіпкерлік субъектілер саны 6,2%-ға өсіп, 361,1 мыңға жеткен. Жыл қорытындысы бойынша Алматының өңірлік жалпы өнім көрсеткішіндегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесі 60%-ға дейін артады»,- дейді Досаев.

Шаһар басшысы қаланың дамуын сапалы қамтамасыз ету мақсатында Қала құрылысы регламенті, Құрылыс жүргізу ережесі және Тұрғын үйді реновациялау бағдарламалары бойынша жаңа жобалар әзірленгенін, олардың қалалық мәслихат қарауына жыл соңына дейін ұсынылатынын жеткізген.

Әкім есебін тыңдаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Досаевқа қала экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесін арттыруды тапсырған. Сонымен бірге Алматы ауасының ластану деңгейін ескерген президент қалада транспорт құрылымын дамытып, қоғамдық көліктерді экологиялық талаптарға сәйкестендіру мәселесін де қозғаған. Одан бөлек инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты бірқатар тапсырмалар берген.

Сондай-ақ оқыңыз