Ресей үш аптадан бері Қазақстаннан азық-түлік өнімдерін тасымалдаған 89 көлікті қабылдамаған

Жарияланды
фото: kursiv.media

Ресей Федерациясы 23 қыркүйек пен 16 қазан аралығында ауыл шаруашылық өнімдері тиелген 89 автокөлікті қайтарып жіберген. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті хабарлады.

«Россельхознадзор» бөгеп қалған жүк көліктерінде 1711,2 тонна азық-түлік тауары болған. Қазақстаннан қызанақ, бұрыш, бидай, астық, кептірілген жемістер экспортталуға тиіс еді. ЕЭО бекіткен бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптарға сай Қазақстан фитосанитариялық сертификаттармен куәландырған. Комитет тауардың қайтарылуына байланысты екінші тараппен сөйлесіп жатқанын хабарлады.

«Қазақстан бақылауындағы өнімдерді қайтару мәселесін шешу үшін 2024 жылдың 8 қазанында МИК пен «Россельхознадзор» басшылары арасында келіссөз жүргізілді. 9 және 15 қазанда қазақстандық тараптың бастамасымен Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында Қазақстанның мүдделі мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдерінің, «Россельхознадзор» мен Ресей Федерациясы Үкіметі өкілдерінің қатысуымен консультациялардың бірінші және екінші кезеңі өтті», – деп түсіндірді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат А. Қожаназаров осы мәселені көтерді. Депутат Премьер-министр Олжас Бектеновке үкіметаралық деңгейде Ресеймен келіссөз жүргізу керектігін мәлімдеді. Депутат Еуразиялық экономикалық одақ шарты өрескел бұзылды деп есептейді. Осы біржақты шектеу салдарынан Қазақстан экспорты орасан зиян шегуі мүмкін екенін қаперге салды.

Сондай-ақ оқыңыз