Энергетика министрлігі Саран қаласында жылу толық қосылғанын хабарлады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Саран қаласына жылу берілді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Энергетика министрлігі Қарағанды ​​облысындағы Саран қаласындағы тұрғын үйлерге толық жылу берілгенін хабарлады. 15 қазан күні Үкімет отырысында Саран қаласының мәселесі кезектен тыс қаралған болатын. Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен қала әкімі Еркін Баулықовқа ескерту жасап, жауапты адамдарды жауапкершілікке тартамыз деп мәлімдеген.

Екі күн өткен соң, Энергетика министрлігі қала толық жылуға қосылды деп ақпарат таратты.

«Саран қаласындағы бүкіл тұрғын үй мен әлеуметтік нысан жылумен қамту жүйесіне қосылған. Жылу көздері қажет отынмен қамтамасыз етілген. Қаланың өндірістік нысандары тұрақты жұмыс істеп тұр», – деді Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Үкімет басшысының тапсырмасымен Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазандықтар, орталық жылу көзі, сондай-ақ жылу желілері мен әлеуметтік нысандардың жағдайын тексерген.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қазіргі кезде резервте тұрған қазандықтардың бәрі қосылғанын айтады. Олардағы жылу температурасы бақылауда тұр.

«Қосымша қазандықтармен кеңейту қажет болған жерлер де жақын арада кеңейтілетін болады. Тұрғындар бұрын болған екі қазандық бойынша сұрақ қойды, бұл үйлер басқа жұмыс істеп тұрған қазандықтарға қайта қосылды», – деді әкім.

Қала әкімдігі жағдайды толық бақылауда ұстап отырмыз деп сендірді.

Бұған дейін Саран қаласында жылу көздерінде ақау болған. Қала тұрғындары үйлерінде жылу жоғын айтып шағымданған. 14 қазан қала әкімі Еркін Баулықов резерв қазандықтар іске қосылғанын айтып, тұрғындардан кешірім сұрады.

15 қазанда Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Саранның қысқа дайындығы туралы жалған ақпарат бергендері жауапкершілікке тартамыз деп шүйлікті.

Ресми мәлімет бойынша, орталық жылу көзін салуға 10 жылдан астам уақыт кетіп, жаңа жүйе жаздан бері ретке келтірілген.

Сондай-ақ оқыңыз