Шетелдік инвесторлар жарты жылда Қазақстанда 6 млрд доллар табыс тапты

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстан үшін шетелдік тікелей инвестициялар экономикалық өсудің маңызды драйвері, әсіресе, мұнай, газ және тау-кен өнеркәсібі сияқты салаларда. Елге инвестиция тарту және оларды тиімді пайдалану шетелдік инвесторларға төленетін кірістердің көлеміне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар бұл елдің халықаралық беделі мен экономикалық тұрақтылығына ықпал етеді.

Жалпы шетелдік тікелей инвесторларға төленетін кірістер ел экономикасының сыртқы секторына және оның инвестициялық тартымдылығына қатысты маңызды көрсеткіш.

Нидерланд инвесторлары Қазақстанда  1,6 млрд долларға жуық табыс тапқан

Биылғы жылдың І жартыжылдығында Нидерланд 1,6 млрд, АҚШ 1,0 млрд доллар табыс тапқан. Сондай-ақ еуропалық елдер: Люксембург ($418,2 млн), Ұлыбритания ($380,6 млн), Франция ($377,1 млн) және Швейцария ($310,2 млн). Орта Шығыстағы Кипр ($260,0 млн),  Таяу Шығыстағы БАӘ ($284,,7 млн) табыс тапқан. Азияның жолбарысы Жапония ($145,5 млн), Сингапур 6 айда ($110,3 млн) табыс алған.

Шетелдік инвесторлар қай саладан табыс табуда?

Шетелдік тікелей инвесторларға төленетін кірістер – шетелдік тікелей инвестициялардың (ШТИ) маңызды құрамдас бөлігі. ШТИ шетелдік компаниялар немесе жеке тұлғалар арқылы басқа елдегі бизнесті дамыту немесе сатып алу мақсатында жүзеге асырылатын ұзақмерзімді инвестициялар. Бұл инвесторлар өздерінің салымдарына байланысты кірістер алады, және бұл кірістер олардың елдеріне қайта аударылады. Төменде осы кірістердің негізгі түрлері мен олардың экономикалық маңыздылығын толығырақ қарастырайық:

Дивидендтер

Дивидендтер – бұл компанияның таза пайдасының бір бөлігін акционерлерге төлеу. Шетелдік инвесторлар Қазақстан сияқты елдерде активтерге ие болса немесе компанияның капиталына үлес қосса, олар белгілі бір уақыт ішінде сол активтерден дивидендтер түрінде пайда алады. Бұл төлемдер компанияның жалпы кірісіне, оның қаржылық көрсеткіштеріне, инвестицияларының тиімділігіне және салымдардың көлеміне байланысты.

Капиталдан алынған табыс

Шетелдік тікелей инвесторлар активтердің құнының өсуі арқылы капиталдық кіріс ала алады. Мысалы, шетелдік инвесторлар меншік немесе акциялар сатып алған кезде олардың құны уақыт өте жоғарыласа, бұл активтерді сатудан түсетін пайда да инвесторларға төленетін кіріске жатады. Капиталдық табыс әдетте елде инвестициялық белсенділік жоғары болған кезде өседі.

Пайыздық кірістер

Шетелдік инвесторлар өздерінің қаражаттарын елге қарыз түрінде бере отырып, сол қарыздардан пайыздық кіріс алады. Пайыздық төлемдер қаржылық міндеттемелерге, қарыздық құралдарға немесе несиелік келісімдерге байланысты төленеді. Бұл төлемдер ұзақ мерзімді қарыздардан немесе қысқа мерзімді несиелерден пайда болуы мүмкін. Шетелдік несие берушілерге төленетін пайыздар елдің сыртқы қарызын және оған қызмет көрсету шығындарын арттырады.

Роялти және лицензиялық төлемдер

Роялти – бұл зияткерлік меншік, патенттер, брендтер немесе технологиялар сияқты лицензияланған активтер үшін төленетін төлемдер. Егер шетелдік компания Қазақстандағы компанияларға өз технологияларын немесе брендтерін пайдалануға рұқсат берсе, олар сол үшін роялти алады. Бұл кіріс зияткерлік меншік пен технологияларды импорттау кезінде маңызды рөл атқарады.

Табыс репатриациясы

Шетелдік инвесторлар өздерінің кірістерін өз елдеріне аудару арқылы репатриация жасай алады. Бұл елдің ағымдағы шотындағы кіріс балансында көрініс табады. Табыс репатриациясы жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) және елдің төлем балансындағы кіріс ағынына тікелей әсер етеді, өйткені ол шетелге ақшалай қаражаттың кетуін білдіреді. Егер шетелдік инвесторларға төленетін кірістер жоғары болса, бұл төлем балансының тапшылығын арттыруы мүмкін.

 Экономикалық әсері

Шетелдік инвесторларға төленетін кірістер елдің төлем балансында маңызды орын алады. Олардың шамадан тыс болуы елдің сыртқы экономикалық байланыстарына теріс әсер етуі мүмкін, себебі капитал шетелге кетеді. Дегенмен, шетелдік инвестициялар өндіріс, жұмыс орындарын ашу және технологиялық даму секілді оң әсерлерге де ие.

Сондай-ақ оқыңыз