Орталық сайлау комиссиясы саяси партияларға бөлінетін қаржыны қысқартуға ниетті
Орталық сайлау комиссиясы бюджет жүктемесін азайту үшін саяси партияларды қаржыландыру қағидасын өзгертеді. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылған құжатта жазылған.
«Жобаның нақты мақсаты – республикалық бюджетке жүктемені азайту», – делінген құжат түсіндірмесінде.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес саяси партияларды қаржыландыру ең аз жалақы мөлшерімен есептелетін. Ал енді қаржыландыру көлемін АЕК-пен есептеу ұсынылып отыр.
Құжатқа сәйкес, саяси партиялардың қызметін қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражатының мөлшері тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда, соңғы сайлаудың қорытындылары бойынша Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партияларға дауыс беру кезінде берілген әрбір сайлаушы дауысы үшін ең төменгі есептік көрсеткіштің 0,65% есебінен айқындалады.
Ал қолданыстағы құжатта әрбір сайлаушы дауысы үшін ең аз жалақы мөлшерінің 3% көлемінде бекітілген.
Бұл өзгеріс президент жолдауындағы ҚР Үкіметіне заңнамаға әлеуметтік, медициналық, салық және басқа салаларда, ең төменгі жалақыны есептік көрсеткіш ретінде пайдалануды алып тастауды көздейтін тапсырмасына сәйкес енгізілмек.
«АЕК-ті есептік бірлік ретінде пайдаланған кезде саяси партияларды қаржыландыру көлемі жыл сайын АЕК-тің инфляция деңгейіне жыл сайынғы өсуін ескере отырып өсетін болады», – делінген құжатта.