Қазақстандықтар «Отбасы банкте» 48 мыңнан астам білім беру депозитін ашқан

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің редакторы
білім депозиті
Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

2024 жылдың 6 айында «Отбасы банкте» 48 мыңнан астам білім депозиті ашылған. Бұл туралы Сенаттағы баспасөз алаңында банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.

Басқарма төрағасының сөзінше осы кезге дейін қазақстандық 6 банк білім депозитін ашуды ұсынғанымен, жалпы саны 13 мың ғана депозит ашылған. Ал «Отбасы банкте» жарты жыл ішінде 48 мыңнан астам білім беру депозиті ашылып үлгерген. Банк төрағасы бұл тұтынушыларды тұрғын үймен қатар, балалардың білімі де алаңдататынын көрсетеді деп есептейді.

«Бұл депозит бойынша 5 жыл ішінде теңгемен 12% жылдық үстеме беріледі. Оған қоса, мемлекеттік сыйақы бар. Оның көлемі – 5%, ал әлеуметтік осал топтар үшін тағы 2% қосылып, жалпы 7% сыйақы төленеді», – деді Ибрагимова.

Дегенмен банк төрағасы бұл процеске «Отбасы банктің» «Ұлттық қор – балаларға» жобасының операторы болғаны да әсер еткенін жасырмады. Себебі 18 жасқа дейін балалар өз қаржысын осы банкте тұрғын үй немесе білім депозиттеріне сала алып, 18 жасқа толғанда осы мақсаттарда жұмсай алады. Банктің бұл қызметін қолданғандардың біразы қазір ақшасын шешіп, биылғы оқу ақысын төлеп үлгерген.

Айта кетейік, «Отбасы банктен» білім беру несиелерін алу функциясы қосылуы мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын зерттеу агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова айтып, депутаттар ұсынысымен арнайы заң жобасы дайындалғанын атап өткен.

Сондай-ақ оқыңыз