Алдағы 4 жылда елдің жылу энергетика жүйесін жаңғыртуға 10 трлн теңге жұмсалады. Қаражат Ұлттық қор мен БЖЗҚ-дан алынуы мүмкін
Үкімет «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын әзірлеген. Оған сәйкес, Қазақстанның жылу электр станцияларын, электр станциялары мен электр желілерін жаңғыртуға қажетті сома Ұлттық қор мен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» алынуы мүмкін. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына орналастырылған Үкімет қаулысында жазылған.
«Ұлттық қаржыландыру жобасы шеңберінде табиғи монополиялар субъектілері мен электр энергиясын генерациялау кәсіпорындары тарифті кезең-кезеңмен арттыру есебінен сыйақының 10%-ын өтеуді қамтамасыз етеді деп көзделеді, сыйақы мөлшерлемесінің қалған бөлігі (тариф есебінен өтелетін ТМС-ның 10%-нан асатын айырма) республикалық бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қаржы операторына субсидиялар беру арқылы тікелей нысаналы трансферттермен толықтырылатын болады», – делінген құжатта.
Мұнда қаржы операторының рөлін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ атқарады.
Энергетикалық және коммуналдық сектор инфрақұрылымын жаңғырту және салуға қаражат мына тетіктер арқылы бөлінеді:
- «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-субъектінің меншік нысанына қарай «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ сияқты еншілес ұйымдар арқылы қаржыландырады.
- Халықаралық қаржы ұйымдары (МҚҰ) – жергілікті жобаларды іске асыру үшін, әсіресе ТКШ саласындағы жеке бастамалар мен шағын бизнес үшін шағын несиелерге қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
- Екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) – инфрақұрылымды жаңғырту үшін ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттерді ұсына отырып, ірі жобаларға кредит берудің негізгі көзі.
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) – ТКШ жаңғыртуға бағытталған ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық жобалар үшін инвестор рөлін атқара алады.
- Энергетикалық және коммуналдық сектор инфрақұрылымын жаңғырту және салу жөніндегі осы тетіктерді қаржыландыру үшін мынадай көздер тартылатын болады:
- «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-субъектінің меншік нысанына қарай «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ сияқты еншілес ұйымдар арқылы қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
- Халықаралық қаржы ұйымдары (МҚҰ) – жергілікті жобаларды іске асыру үшін, әсіресе ТКШ саласындағы жеке бастамалар мен шағын бизнес үшін шағын несиелер береді.
- Екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) – инфрақұрылымды жаңғырту үшін ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттер ұсынып, ірі жобаларды қыржаландырады.
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ТКШ-ні жаңғыртуға бағытталған ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық жобалардың инвесторы рөлін атқарады.
- Ұлттық қордан қаржыландыру ел үшін жоғары басымдыққа ие ірі және стратегиялық маңызды жобалар үшін пайдаланылмақ.
Яғни оператор қарыз қаражаты жетпеген жағдайда Халықаралық қаржы ұйымдарынан, екінші деңгейдегі банктерден және «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-дан қарыз алады.
«Тікелей қаржыландыру – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес компаниясы – «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ арқылы, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарынан және екінші деңгейдегі банктерден тікелей бөлінген қаражат есебінен қаржыландырады. Бұл ретте тариф есебінен өтелетін ТМС-нің 10%-нан асатын сыйақы айырмасы қаржы операторы арқылы субсидияланады. Бұл әдіс ағымдағы қажеттіліктерге тез жауап беруге және ресурстарды нақты жобаларды іске асыруға тікелей бағыттауға мүмкіндік береді», – делінген құжатта.
Бұл Ұлттық жобаны іске асыруға шамамен 10 трлн теңге көлемінде қаражат кетеді деп жоспарланып отыр. Қаржыға энергетикалық және коммуналдық секторлардың қолданыстағы активтері жаңғыртылады, сонымен бірге жаңа активтері құрылады. Оның ішінде 200 табиғи монополиялар субъектілері, 30 ЖЭО жаңғыртылады немесе жаңадан іске қосылады.
Жоба 2025-2029 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
Жоба жүзеге асырылған соң, ЖЭО мен жылу жүйелеріндегі авариялар деңгейі 20%-ға төмендеп, энергетикалық және коммуналдық активтердің тозу деңгейі республика бойынша орта есеппен 40%-ға дейін төмендейді деп күтілуде.