Қазақстанда тұрғын үй қорының дені ескі, 60%-ы 1980 жылдарға дейін салынған ғимараттар – Руслан Ембергенов
Қазір Алматыда 1 300 үй қайта салуды талап етіп отыр. Қазақстандағы тұрғын үй қорының дені ескірген. Оның 60%-ы – 1980 жылдарға дейін салынған ғимараттар. Бұл туралы BI Development өкілі Руслан Ембергенов мәлімдеді.
Оның пікірінше, мұнымен, яғни жаңа құрылыс салумен біреулер айналысуы қажет. Сондықтан Қазақстанда құрылыс саласының тоқырауына негіз жоқ.
Маманның сөзінше, маңыздың фактордың бірі – халықтың санының артуы.
«Урбанизация күшейіп келеді. Ресми статистика бойынша, 2030 жылдарға қарай Қазақстанның халқы 1,6 миллионға көбеймек. Қалалардағы және мегаполистердегі адамдардың саны арта түседі. 2020 жылы халықтың 22%-ы мегаполистерде тұрған. Әңгіме Алматы, Астана және Шымкент қалалары туралы болып отыр. Енді олардың қатарына Ақтөбе қосылмақ. 2030 жылдарға қарай 28%-ға дейін көбейеді. Бұдан кейін тағы да өсе түсетін болады», – дейді Руслан Ембергенов.
Ресми статистика мұны растап беріп отыр. Айталық, бір жылдың ішінде Шымкент тұрғындары 3 мың адамға өскен. Ал Астанада – 70 мыңға, ал Алматы – 73 мыңға көбейген.
«Бұл адамдардың бәріне баспана керек. Бірі сатып алса, бірі жалға алуы тиіс. Бірақ тұрғындар өсімі мұнымен тоқтап қалмайды. Одан кейін де өсе береді.
Бұл – тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі үрдіс. Урбанизация әрі қарай дами береді», – дейді құрылыс компаниясының өкілі.
Маңызды факторлардың бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұған қатысты БҰҰ стандартты бар. Соған сүйенсек, баспана ауданы бір адамға 30 шаршы метрден келуі керек.
«Десе де, әр елде түрлі көрсеткіштер бар. Бір елде аз болса, ендігі бір елдерде бұдан артық. АҚШ, Аустралия және Канада секілді елдерде бір адамға шаққанда 60 шаршы метрден асып түседі. Қазақстанға келсек, 2024 жылға дейін орта есеппен 23 шаршы метрден келген еді. Биыл 24 шаршы метрге жетеді», – деді Руслан Ембергенов.
Оның сөзіне қарағанда, Алматы, Астана және Шымкент секілді қалалар бұл межеге – БҰҰ стандартына қол жеткізген. Бірақ әлі іс жүзінде өсе түсуді қажет етеді.
Ембергеновтің айтуынша, соңғы он жылда орта есеппен алғанда Қазақстанның ЖІӨ-сі 28%-ға өскен. Ал құрылыс саласы 106%-ға артып отыр. Ел ЖІӨ-сінің 6%-ы құрылысқа тиесілі. Халықты жұмыспен қамту орта есеппен жыл сайын 11%-ға артып келеді. 2014 жылдан бастап құрылыс секторының өсімі экономиканың жиынтық өсімінен жоғары.