Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өзіне қастандық жасалғанын мәлімдеді
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өзіне қастандық жасалғанын мәлімдеді. Нетаньяхуның Кесариядағы жеке резиденциясына Ливаннан ұшырылған дрон соғылған. Енді Израиль осы жайтқа қарсы шара қолдануды жоспарлап отыр. Бұл туралы өз дереккөзіне сілтеме жасап, The Jerusalem Post хабарлайды.
«Бұл қастандыққа міндетті түрде жауап болады» – деді басылымның дереккөзі. «Хезболла» Иранның ықпалына ие болғандықтан, Иран да бұл оқиғаға жауапты,» – деп қосқан.
Нетаньяху: «Иран агенттері отбасымды өлтіруге тырысты, бұл – үлкен қателік,» – деген.
Сенбі, 19 қазан күні дрон Кесария қаласында премьер-министрдің резиденциясына жақын ғимаратқа соғылды. Оқиға кезінде Нетаньяху мен оның жұбайы үйде болмаған, жараланғандар туралы ақпарат жоқ.
Израиль дерегіне сәйкес, 19 қазан күні таңертең Ливаннан Израильге қарай үш дрон ұшырылған, олардың екеуі атып түсірілді, ал біреуі қалаға жеткен.