Балалардың қауіпсіздігі үшін Қазақстанда спорт жабдықтарына арналған жаңа техникалық регламент әзірленеді
Қазақстанда балалардың қауіпсіздігін қамтасыз ету үшін спорт жабдықтарына арналған жаңа техникалық регламент әзірленеді. Сауда және интеграция министрлігінің жиынында спорт жабдықтарын міндетті сертификаттаудың болмауы балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретіні айтылды.
Техникалық реттеу және метрология жүйелеріне қатысушылар қауымдастығының атқарушы директоры Дмитрий Савеленконың айтуынша, Қазақстанда футбол қақпасын қоса алғанда, спорт құралдарын міндетті сертификаттау әлі енгізілмеген.
2024 жылы Кеден одағының бірыңғай тізбесіне «спорттық жабдықтар мен инвентарь» тармағы қосылған. Бұл бастаманы Қазақстан 2019 жылы көтерген еді. Оған футбол қақпасының баланың үстіне құлауы секілді, спорт жабдықтарының кесірінен болған оқыс оқиғалардың жиілеуі ықпал етті.
Министрлік дерегінше, бұл қауіпсіздік стандарттарын күшейтуге бағытталған маңызды қадам болады. Туризм және спорт министрлігі де спорттық жабдықтардың жаңа техникалық регламентін әзірлеуге жұмыс тобын құрған.
Сонымен қатар ішкі сауда ережелеріне енгізілген өзгерістерге сай, спорт жабдықтарын сататын дүкен сөрелерінде 30%-дан кем емес көлемде отандық өнімдер тұруы тиіс. Сондай-ақ көрнекі жерлерде «Қазақстанда жасалған» белгісі тұруы қажет.