Қайтарылған заңсыз активтерден арнаулы қорға 177 млрд теңге жиналған. Оның 3 млрд теңгесіне спорт кешені мен мектеп салынады

Жарияланды
Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтерге Ақмола және Түркістан облысында спорт және музыка мектебі салынады / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Мемлекет қайтарылған активтер есебінен Ақмола және Түркістан облыстарында спорт және музыка мектебін салады. Спорт кешенін салуға 2,1 млрд теңге, музыка мектебін салуға 890 млн теңге кетеді деп жоспарланып отыр. Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысының Зеренді ауылында құны 2,1 млрд теңге болатын спорт кешенін және Түркістан облысының Темірлан аулында 890 млн теңге сомаға музыка мектебін салу жөніндегі алғашқы екі әлеуметтік жобаны іске асыруға Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылдады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Ақмола облысының Зеренді ауылында салынатын спорт кешенінің ауданы 6 мың шаршы метрді құрайды. Бұл кешен бір мезгілде 80 адамды қабылдайды және күрес, бокс, шаңғы тебу сынды спорт түрлеріне ыңғайланып салынады. Үкімет есебіне сәйкес, ауданда спортпен белсенді айналысатын 14 500 адам бар. Бұл нысан сол адамдардың уақытын тиімді өткізуіне ыңғайлы болуы үшін қажетті спорттық құралдармен жабдықталады.

Ал Түркістан облысының Темірлан ауылында 300 орындық өнер мектебі салынады. Бұл ауылда қазіргі таңда іргетасы 1974 жылы қаланған, каркастан салынған музыка мектебі жұмыс істейді. 50 жыл бұрын салынған ғимарат заманауи санитарлық талаптарға және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес. Ғимараттың ескіргені себепті, ол күрделі жөндеуге де жеремей қалған. Бірақ соған қарамастан, ескі ғимаратта бүгінгі күні 420-ға жуық бала білім алып жатыр. Салынатын жаңа ғимарат өнерлі балалардың қауіпсіз ғимаратта сапалы білім алуына мүмкіндік береді.

«Бұл бастамалар тұрғындарды білім беру және спорттық қызметтермен қамтуды арттыру үшін ауылдық жерлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған», – делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда арнаулы мемлекеттік қорда заңсыз активтерден қайтарылған 177 млрд теңге жинақталған. Қорда жиналған қаражат әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға және басқа да әлеуметтік маңызды мақсаттарға жұмсалады. Атап айтқанда, жиналған қаржы есебінен денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спорт және өзге салалардағы жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.  

«Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде жұмысын жалғастырады. Комиссия жұмысы нәтижесінде жиналған қаражат әлеуметтік пайдалы мақсаттарға одан әрі қайта бөлу үшін Арнаулы мемлекеттік қорға жіберіледі», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сондай-ақ оқыңыз