2023 жылы әскерге шақырылған 1500 сарбаз ЖОО грантына ие болды
2023 жылдың күзінде әскер қатарына алынған 1518 сарбаз жоғары оқу орнына грантқа түсті. Бұл жайлы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қорғаныс министрлігі жоғары оқу орындарында тегін оқуға грант алған мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің тізімін жариялады»,- деп хабарлады баспасөз қызметі.
2023 жылғы күзде әскерге шақырылған 17 927 үміткер 1,5 мың орынды құрайтын грант конкурсына өтініш берген. Конкурсқа Қорғаныс министрлігінен 8 169, Ұлттық ұланнан 6 441, Төтенше жағдайлар министрлігінен 315, Шекара қызметінен 2 715, Мемлекеттік күзет қызметінен 287 сарбаз қатысқан. Нәтижесінде 1518 адам Жоғары оқу орындарының грантына ие болған.
Сарбаздар Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Азаматтық авиация академиясы, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан Академиясы, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты сынды әскери салаға бағытталған оқу орындарымен қатар, Астана Тұран университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Нархоз университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті сынды тағы да басқа түрлі бағыттарда оқытатын ЖОО-ларға түскен.
Гранттар тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
Жалпы мұндай гранттар әскерилерге жыл сайын беріледі. Мәселен, 2023 жылдың шілде айында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында 1500 сарбазға ЖОО-дан грант орындары бөлінгені туралы айтқан. Сонымен бірге 2500-ге жуық жауынердің несиелік қарыздарын төлеу мерзімі шегерілгенін де атап өткен болатын. Осы жылы да 1500-ге жуық грант бөлінген.
Айта кетейік, әскери борышын өтеген сарбаздар, әскерден соң, ешқандай емтихансыз магистратураға да түсе алады.