Солтүстік Корея Ресейге әскер жіберді деген ақпаратты терістеді
БҰҰ жанындағы КХДР өкілеттілігі солтүстіккореялық солдаттардың Ресейге жіберілгені туралы ақпаратты «негізсіз қауесет» деп атады. Солтүстік Корея «Ресеймен қарым-қатынас заңды және ынтымақтастыққа негізделген» деп есептейді.
«Ресеймен әскери ынтымақтастыққа келсек, менің делегациям негізсіз, стереотипті қауесеттерге түсініктеме берудің қажеті жоқ деп біледі. Мұндағы мақсат – КХДР-ді қаралау, екі мемлекет арасындағы заңды, достық және серіктестік қатынасқа сызат түсіру», – деді Солтүстік Корея өкілі Нью-Йоркте орналасқан Бас ассамблеяның Қарусыздану және халықаралық қауіпсіздік жөніндегі бірінші комитетінің отырысында.
Бұл – осы мәселеге қатысты солтүстіккореялықтар тарапынан берілген алғашқы түсініктеме. Оңтүстік Кореяның барлаушылары КХДР-дың 1,5 мың солдаты Қиыр Шығыстағы ресейлік әскери базаға келгенін хабарлаған болатын. Барлаушылардың пікірінше, бұл солдаттар Украинадағы соғысқа жіберілуі мүмкін.
18 қазанда Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Йол шұғыл түрде қауіпсіздік кеңесін өткізген. 21 қаңтарда Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрлігі Сеулдегі Ресей елшісі Георгий Зиновьевті шақырып, түсініктеме беруін талап еткен еді.
Мұның алдында Сеулдің Мәскеуге қатаң ескерту жасағаны туралы жазғанбыз.