Бұл норма олигархтардың мүддесін қорғау үшін енгізілген – депутат жер қойнауын пайдалануға қатысты әзірленген заңды сынға алды

Жарияланды
Бакытжан Базарбек назвал разработанные депутатами поправки в Кодекс о недрах защищающими интересы олигархов
Депутат жер қойнауына қатысты заңның олигархтардың мүддесі үшін әзірленіп жатқанын айтты / Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Артур Алескеров

Мәжіліс депутат Бақытжан Базарбек «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» әзірленіп жатқан заңды сынға алды. Заңға өзгеріс ретінде ұсынылып отырған нормаларды ол «анти-халықтық, анти-конституциялық» деп бағалады. Сонымен бірге кей нормалардың олигархтардың мүддесін қорғайтынын жеткізді.

Депутат жаңа заң нормаларының жер қойнауын пайдаланушылардың мүддесін көздеп отырғанын айтты. Базарбек заңдағы: «Егер мұндай құжаттар мен ақпаратты бірыңғай порталда мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алуға болатын болса, басқа тұлғаларға есеп беру және құжаттар ұсыну талап етілмейді» делінген норманы ақпарат еркіндігіне қайшы деп санайды.

«Заңда осындай бір қызық норма бар. Мен осы салада жүрген соң білем, заңгерлер қандай да бір ақпаратты білу үшін мемлекеттік ақпараттық порталға сұрау жібереді. Алайда бізге ол жерден «бұл коммерциялық құпия» деген жауап келеді. Демек бұл норманы жер қойнауын пайдаланушылар өз мүддесіне пайдалануы мүмкін. Олар ертең «бар ақпарат мемлекеттік ақпараттық порталда тұр» деп құтылады. Ал ол портал «коммерциялық құпия» деп бір-ақ ауыз сөзбен қайтарады. Сонда қалай ақпаратқа қол жеткізу қажет?»,  – дейді депутат.

Заңда бір жол сөйлеммен жер қойнауын пайдаланушылардың мүддесі қорғалып, халықтың ақпаратқа қол жеткізуіне тосқауыл қойылып отырғанын айтқан депутат бұл нормаларды «анти-халықтық, анти-конституциялық» деп атады. Айтуынша, елдегі әр салада енгізілген 10 заңнан конституциялық нормаға сәйкес келмейтін тұстар анықталған.

«Бұл енді ұят болады!», – деді депутат.

Сонымен бірге заңда «жер қойнауын пайдаланушыларға заңнамалық өзгерістер болмайтыны туралы кепілдік беретін» норма да бар. Депутат бұл міндеттемені де дұрыс емес деп санайды.

«Норма кез-келген уақытта өзгеріске ұшырауы мүмкін. Алдағы уақытта не болатынын ешкім білмейді. Ертең басқа депутаттар келіп, заңға өзгеріс енгізе алмай отыра ма? Бұл халық мүддесіне қайшы норма»,  – деді Базарбек.

Одан бөлек заңда аукцион дұрыс өткізілмесе, мүдделі тарап қана шағым түсіре алатыны туралы норма қарастырылған. Депутат бұл норманы да құп көрмеді. Бұл өзгерістердің ведомстволардың өздерінен жауапкершілікті алу үшін енгізіліп отырғанын айтады.

«Түсінем, сіздер олигархтармен соттасқыңыз келмейді. Бірақ жер қойнауын пайдалануға қатысты заңнамалық нормалар бұзылса, ол нормалардың сақталуына жауапты органдар да мүдделі болуы керек»,  – деді депутат.

Сондай-ақ депутат жер қойнауын пайдаланушыларға қойылатын талаптар ішінде инвестициялық көлемге қатысты норманың олигархтар мүддесін қорғау үшін әзірленгенін айтты. Ол нормаға сәйкес жер қойнауын пайдаланушы инвестордың салатын инвестициясының көлемі 70 млн мәрте артық болу керек.

«Мұнда 70 млн мәрте артық көлемі бар инвестор кім. Олар, әрине, олигархтар. Бұл норма олигархтың мүддесі үшін енгізіліп отыр деп санаймын»,  – деді Базарбек.

Сондай-ақ оқыңыз