Қарағанды облысында аудандық мәслихат депутаты мас күйінде қарияға қару кезенген
Қарағанды облысы Нұра ауданының мәслихат депутаты мас болып, қарияға суық қарумен сес көрсеткен. Ахметауыл елдімекенінде жанжал шығарған депутатты тәртіп сақшылары ұстады.
«Кешкі Қарағанды» телеграм арнасы депутат Серік Бекмағамбетовтың трассада көлігімен басып озған тұрғынға аса қатты ренжігенін, одан кейін қолына атыс қаруын ұстап, ауыл тұсында жаңағы кісіге шүйліккенін жазған. Ауылдағылар назар аударған соң, жәбірленушіге дауыс көтерген депутат өз жөніне кеткен.
«Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, көп ұзамай ұстады. Күдікті аудандық мәслихаттың 38 жастағы депутаты болып шықты. Оған қатысты «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынды», – делінген Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
60 жастағы адамға қоқан-лоқы көрсеткен «халық қалаулысына» шара қолдану мұнымен шектелген жоқ. Күдікті енді «қорқыту» және «заңсыз атыс қаруын алып жүру» баптарына сай қозғалған қылмыстық іс бойынша жауап береді. Аталған істі облыстық ПД басшылығы жіті қадағалап отырмақ.