Қазақстанда интернет сапасы нашар 350-ге жуық мекен бар – Жаслан Мәдиев

Жарияланды (жаңартылды )
Ұлыбритания, Франция және басқа да халықаралық компаниялардың үлесі бар Eutelsat-OneWeb төмен орбиталық спутниктік жүйесі пайдаланылып отыр/фото: Шадияр Өстемір

Алматы іргесіндегі «Көктерек» ғарыштық байланыс орталығында жерсеріктік байланыс қызметі сынақтан өтті. Онда Ұлыбритания, Франция және басқа да халықаралық компаниялардың үлесі бар Eutelsat-OneWeb төмен орбиталық спутниктік жүйесі пайдаланылған.

Провайдер жоспары бойынша, келесі жылы қаңтар айында толық іске қосылады. Маркетинг жүргізіп, терминалдарды сатуға шығармақ.

«Бізде өте маңызды іс-шара болып жатыр. OneWeb компаниямен бірге, заңға, қауіпсіздік нормативтеріне сәйкес жерсеріктік интернет сынақ түрінде қосылып жатыр. Келесі жылдың қаңтар айында коммерциялық түрде нарыққа шығады. Компаниялар мен мобильдік операторлар қолданып, азаматтарымызға сервистік қызмет көрсете алады», – деді Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Оның сөзіне қарағанда, бұл оны B2B, B2G және B2O нарықтарының маңызды серіктесіне айналдырып отыр.

Министр шалғай ауылдарды айтпағанда, кейбір қалалар да интернет сапасы нашар екенін мойындады. Жақсарту үшін жұмыс істелініп жатқанын айтты.

«Интернет сапасы төмен 350-ға жуық жер бар. Құрылғыларды күшейту, базалық стансалар орнату жұмыстары істелініп жатыр», – деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, интернет бағасы мобильді операторларға байланысты. Өйткені, инвестиция салғанда, табыстылығы да қарастырылады.

Жаслан Мәдиев жерсеріктік интернет қарапайым адамдарға қалай ықпал ететіне тоқталды.

«Осы терминалдарды орнатсақ, өте жағымды ықпал етеді. Интернет жоқ жерге осы терминалдарды орнатуға болады. Мысалы, бізде Kazsat бар. Ол жергілікті компаниялар арқылы 180 ауылдық елдімекендерге қызмет көрсетеді. 2-10-ға дейін мегабит/секунд интернет береді. 300-ден аса елдімекен бүгін интернетпен қамтамасыз етілмеген. Осы шешімді қолданып, сапалы, жылдам интернетпен қамтуға болады», – деді министр.

Оның айтуынша, бұл үшін субсудиялауға, жәрдем беруге бюджеттен белгілі бір көлемде қаржы қарастыру қажет. Бұл шешім Қазақстанды хабқа айналдыру мүмкін. Өткені, оны тек қана Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияның басқа елдерінде, Кавказда, Ауғанстанда пайдалануға болады. Қазақстанның кез келген түкпірін сапалы интернетпен қамтамасыз етуге болады.

«Бір адамның интернетті қолайлы пайдалануы үшін 10 мегабит жеткілікті. Бұл – жақсы интернет. Бұл жерде осы шешім салыстырмалы түрде төмен кешеуілдеумен секундына 50 мегабитті қамтамасыз ете алады. Бұл – өте жақсы жылдамдық», – деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз