Қазақстан Ауғанстанға жаңа отандық автокөлікпен қатар ескі көліктерді де экспорттай бастайды – Жұманғарин

Жарияланды
Ауғанстанда Қазақстандық автокөліктер 2025 жылдан бастап сатыла бастауы мүмкін / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстан келесі жылдан бастап, Ауғанстанға жаңа және ескі отандық көліктерді экспорттай бастайды. Бұл жайлы Үкімет сағатынан кейін өткен брифинг барысында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин айтты.

«Кеше ауған-қазақ форумында сіз Қазақстанның Ауғанстанға көлік экспорттайтыны жөнінде бірауыз айтып қалдыңыз. Осы ақпаратты толықтырып өтесіз бе», – деді журналист.

Серік Жұманғарин Ауғанстан өз экономикасын жолға қойып, инфрақұрылымы мен экономикасын реттеп жатқанын айтты. Әсіресе, Кабулдың жанданып жатқанын, қалада көпқабатты құрылыстар мен бизнес орталықтары ашылып жатқанын атап өтті.

«Елде орта бизнес жақсы дамып жатыр. Қалталы азаматтар пайда болып, елде кәсіп ашып жатыр. Осыған орай ауғандық әріптестер елге автокөліктер жеткізіп беруді сұрады. Олар отандық автоөндірушілермен келіссөздер жүргізуге мүдделі. Ауғанстандық әріптестеріміз өз нырығына отандық жаңа және ескі көліктерді де жеткізу мәселесін талқыламақшы. Мен елдегі бірнеше кәсіпкермен сөйлестім», – деді вице-премьер

Жұманғариннің айтуынша, отандық кәсіпкерлердің бірінші қойып отырған талабы – Ауғанстанда сенімді серіктестің болуы. Бұл елдегі серіктес осы мәселеге қатысты жұмыстарды жүргізіп, көлік жеткізілетін бағыттарды белгілеуі тиіс. Бұл жұмыстар осы жылдың аяғына дейін реттеліп, 2025 жылдан бастап, Ауғанстанда алғашқы көліктер сатыла бастамақ.

«Келесі жылдан бастап, Ауғанстанда алғашқы көліктер сатыла бастауы мүмкін. Мен ауған тарапынан құрылыс пен мекеме мәселесін шешуді сұрадым. Оған қоса екі ел арасында төлем алмасу мәселесі де шешілді. Кешегі форум барысында корреспондеттік шот ашу туралы келісімге келдік. Бұл шот Ауғанстанның «Газанфар» банкі және қазақстандық «Заман» банкі арасында бүгін ашылады. Мұны үлкен жетістік әрі Ауғанстанға ашылған терезе деп білеміз. Өйткені төлемдер тікелей жасалады. Бұған дейіни біз Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің банктері арқылы төлем жасап жүрген едік. Енді бұл жұмыстармен қазақстандық банк айналысады»,  – деді премьер-министрдің орынбасары.

Сонымен бірге вице-премьер бұл бағыттағы жұмыстарға елдегі отандық автоөндіруші қызығушылық танытып отырғаны, Ауғанстанмен жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз