Атырау мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталды

Жарияланды
анпз
Жоспарға сәйкес, Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары қазанның аяғына дейін жүргізілуі керек болған / Фото: azh.kz

Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) жоспарлы жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталып, зауыт қондырғылары кезең-кезеңімен іске қосыла бастаған. Бұл жайлы АМӨЗ-дің баспасөз қызметі хабарлады.

«Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы-алдын алу жұмыстары аяқталды»,  – делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыттың электрмен тұзсыздандыру қондырғысы-атмосфералық вакуумдық түтікше (ЭЛТҚ-АВҚ-3), бензин мен дизель отынын гидротазарту құрамдастырылған қондырғысы жөндеуден өтіп іске қосылған.

Сонымен бірге каталитикалық риформинг (ССR), күкірт өндіру, аралас күкірт өндіру, жеңіл газойльды гидротазарту (Prime D), нафтаны селективті гидрогенизациялау (Prime G+), нафтаны гидротазарту (Naphtha НТ) қондырғылары да белгіленген мерзімінен бұрын іске қосылған.

Зауыт жақын күндері басқа да қондырғыларды кезең-кезеңімен іске қосады. Солайша жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тоқтаған нысан біртіндеп өндіріс көлемін қалпына келтіреді.

«Қазіргі уақытта зауыттың мұнайды бастапқы өңдеуге арналған ЭЛТҚ-АҚ-2 қондырғысында іске қосу-баптау жұмыстары, ал каталитикалық крекинг, сұйытылған көмірсутекті газдарды күкіртсіздендіру (Sulfrex) және бутендерді олигомеризациялау қондырыларында іске қосу алдындағы жұмыстар жүргізілуде. Жабдықтар кезегімен технологиялық режимге шығарылып, өндіріс көлемі біртіндеп ұлғайтылады», – делінген хабарламада.  

Сонымен бірге баспасөз қызметі зауыттың ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін дизель отыны мен АИ-92 маркалы автобензинін жөнелтіп жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, зауытта жөндеу жұмыстары қазан айының басында басталды. Атырау МӨЗ-і жөндеу жұмыстарына жабылатынын Энергетика министрлігі хабарлаған болатын.  Сол кезде министрліктің баспасөз қызметі нысанның жұмысы бір айға тоқтайтынын мәлімдеген.

Ал «ҚазМұнайГаз» компаниясы жоспарлы жөндеу жұмыстарына байланысты елде жанар-жағармай тапшылығы туындамауы үшін Шымкент пен Павлодардағы мұнай зауыттарында өндіріс көлемі артатынын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз