Кейінгі бес жылда қазақстандықтар етті көп тұтынып, ал сүт пен сүт өнімдерін алуды азайтқан – Freedom Finance Global
Кейінгі бес жылда қазақстандықтардың азық-түлік өнімдерін тұтыну бойынша талғамы қалай өзгерген? Бұл туралы Freedom Finance Global сарапшысы Аңсар Абуевтің «Қазақстандағы азық-түлік ритейлі» туралы зерттеуінде жазылған.
Жұмыртқа мен етке сұраныс артты
Зерттеуге сүйенсек, жұмыртқа мен етті тұтыну тиісінше 4%-ға және 1,5%-ға өскен. Ал сүт және сүт өнімдерін тұтыну керісінше 10%-ға азайды. Көкөністер, нан-тоқаш өнімдері, жармалар, майлар 9%-ға, картоп 7% -ға төмендегені байқалады.
Балық пен теңіз өнімдерін тұтыну 4% -ға төмендеді
Бірақ жеміс-жидек, қант және кондитерлік өнімдерді тұтыну көрсеткіші өзгерген жоқ. Зерттеуге сүйенсек, азық-түлік өнімдерінің көпшілігін тұтыну артқан кезең 2020 жылға келді.
«Одан кейін 2021 жылы құлдырау болды. Ал 2022 жылы барлық дерлік өнімдер бойынша тұтынудың ең төмен деңгейі байқалды», – деп жазды Аңсар Абуев.
Қазақстандықтар етке көп қаржы жұмсайды
Зерттеуге сүйенсек, 2023 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы отбасылар шығындарының үштен бірі ет пен ет өнімдеріне тиесілі болған. Сондай-ақ, ірі санаттар арасында нан өнімдері мен жарма өнімдері (16%) бар. Бұған қоса сүт өнімдері (11%), жемістер (9%), көкөністер мен кондитерлік өнімдер (7%) кездеседі.
Қазақстандықтардың жұмыртқа мен балық және теңіз өнімдеріне шығындары артты
Сонымен қатар 2022 жылдан 2023 жылға дейін қазақстандықтардың шығындары жұмыртқа (22%), жеміс-жидек (21%), балық және теңіз өнімдері (19%) және сүт өнімдеріне (18%) артқан. Бұл ретте жекелеген өңірлердежұмыртқаға жұмсалатын шығыстарының өсуі 32-34% (Қарағанды, Абай, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары), жемістерге – 40-44% (Жамбыл және Ұлытау облыстарында), балыққа – 38% (сол Ұлытау облысында), сүт өнімдеріне – 38%-ға (Шымкентте) жетті.
Қазақстандықтар табысының 50-60%-ын тамаққа жұмсайды деген рас па?
«2023 жылғы мәліметтер бойынша, жалпы тұтыну шығыстарында тамақ өнімдерін сатып алуға арналған шығыстар үлесі 50-ден 60% -ға дейін құрайды», – деп жазылған талдауда.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылдың IV тоқсанында қазақстандықтардың табыстары жан басына шаққанда орта есеппен 305 мың теңгені құрады. Оның 138 мың теңгесі азық-түлік тауарларына жұсалатыны анықталды. Осылайша, шығыстардың 50%-ға жуығы азық-түлік тауарларына жұмсалатыны белгілі болы. Бұл ретте қазақстандықтардың айына шамамен 9 мың теңге артық ақшасы қалады.