Оң рульді және екі есікті автокөлік жүргізушілеріне жолаушы тасымалымен айналысуға тыйым салынады
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап InDriver және ЯндексТакси компаниялары оң рульді және екі есікті автокөлік жүргізушілерімен келісімшартқа отырмайды. Бұл жайлы Мәжіліс кулуарында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты.
«Көлік министрі Марат Қарабаев оң рульді автокөлік иелеріне жолаушы тасымалдауға тыйым салынғаны туралы айтты. Осы орайда ІІМ ондай көлік иелерінің жұмысын қалай бақылайды?», – деп сұрады журналист.
Лепеха Көлік министрлігінің оң рульді автокөлік иелеріне жолаушы тасымалдауға тыйым салатыны туралы бұйрығы шыққанын, соған сәйкес, жолаушы тасымалы қызметімен айналысқан оң рульді автокөлік иелеріне әкімшілік жаза қарастырылғанын мәлімдеді.
Бірақ ІІМ өкілі мұндай автокөлік иелері тыйымға қарамастан, жолаушы тасымалымен айналысатынын, оларды әкімшілік жазаға тарту қиынға соғып жатқанын айтты. Өйткені оң рульді автокөліктерді жол полициясы тексеру үшін тоқтатқанымен, ішіндегі жолаушылар жүргізушіге туыс екенін, тойға немесе туысқанына бара жатқанын айтып, оларды әкімшілік жазаға тартуға мүмкін болмайтынын жеткізді. Десе де 1 қаңтардан бастап, олардың қызметі қатаң бақылауға алынып, таксистердің жолаушы жинауына тосқауыл болатын құжат күшіне енеді.
«Қазіргі таңда біз Көлік министрлігімен, InDriver және ЯндексТакси компанияларымен меморандумға қол қойдық. Ол компаниялар енді оң рульді және екі есікті автомобильдермен келісімшартқа отырмайды. Бұл меморандум 1 қаңтардан бастап күшіне енеді»,- деді Лепеха.