Қазақстан 2027 жылға дейін ЕАЭО-дан тыс жерге бірқатар мұнай өнімін тасымалдауды шектемек

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстан ЕАЭО-дан тыс жерге бензин, дизель отыны тасымалын шектемек/ фото: архив kursiv.media

Қазақстан кейбір мұнай өнімдерін Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан тыс жерге тасымалдауды шектемек. Мұнай өнімдері экспортына тыйым салу мерзімін тағы екі жыл ұзартуға қатысты құжат 23 қазан күні «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Соған сәйкес ҚР Энергетика министрінің 2023 жылғы 24 наурыздағы № 118 бұйрығына өзгеріс енгізіледі.

Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, елде халық тұтынатын АИ-92 бензині мен дизель отынына сұраныс көбейген. Ал жанар-жағармай «сұр» экспортының бір айдағы көлемі 10 мың тоннаға жуықтайды. Ведомство Қазақстанмен шекаралас мемлекеттерде бензин бағасы әлдеқайда арзан (17-ден 107%-ға дейін) деп есептейді. Осының салдарынан бензин мен дизель отынын жасырын жолмен тасымалдау көбейген.

Заңсыз экспорт ағынын қадағалау мақсатында Энергетика, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция, Қаржы министрліктерінің бірлескен бұйрық жобасын қабылдау ұсынылған. Соған сай 2024 жылдың 31 желтоқсаны мен 2026 жылдың 31 желтоқсаны аралығында Қазақстаннан ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тыс жерге мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін алып кетуге шектеу қойылады.

Бұл шара респбулика бойынша мына мәселелерді шешуге септігін тигізбек:

  • мұнай өңдеу зауыттарының әлеуетін арттыру;
  • Бензин тапшылығын азайту;
  • бажсыз жеткізу шарттарын орындау;
  • Импортталатын мұнай өнімдерінің заңсыз тасымалына тоқсауыл қою.

Энергетика министрлігі нормативтік құқықтық акт жобасын ҚР ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес келеді деп санайды.

Сондай-ақ оқыңыз