Тоқаев Анкара маңындағы жарылыстан кейін, Ердоғанға көңіл айтты
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анкара маңындағы жарылыстан кейін, Түркия президент Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айтты.
Тоқаев Қазақстан халқы атынан көңіл айту жеделхатын жолдаған. Жеделхатта президент Түркия астанасы маңындағы TUSAŞ аэроғарыш корпорациясына жасалған шабуыл туралы ақпаратты ауыр қабылдағанын жазған.
«Суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан бейбіт тұрғындарға қарсы қастандық әрекетті қатаң айыптайды. Осындай ауыр сәтте Сізге және барша түрік халқына, сондай-ақ қайтыс болған азаматтардың жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың жаны жаннатта болсын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», – делінген Тоқаев жеделхатында.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, 23 қазан күні кешке болған шабуылда 5 адам қаза тауып, 22 адам жарақат алған. TUSAŞ аэроғарыш корпорациясы Түркия үкіметінің бақылауындағы қорғаныс объектісі.
ВВС ақпаратына сүйенсек, Түркия ішкі істер министрі Әли Ерликая шабуылды Күрдістан жұмысшылар партиясы ұйымдастырғанын айтқан.
Анкара маңындағы шабуыл кезінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Қазандағы БРИКС саммиті аясында Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп жатқан.
«Шабуылдың алғашқы сәтінен бастап қауіпсіздік күштері жедел араласып, террористердің көзін жойды. Террористік қауіптердің барлық түрімен және терроризмді жақтаушылармен күресті жалғастырамыз», – деді Ердоған.