ҚТЖ-дағы жемқорлық салдарынан миллиардтаған қаржы желге ұшқаны рас па: компания бұрынғы қызметкерінің мәлімдемесін жоққа шығарды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
Салмен Амрин
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Өткен аптада әлеуметтік желілерде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының бұрынғы қызметкері Сәлмен Әмриннің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған бейнеүндеуі тарады. Онда Әмрин Президенттен араша сұрап, ҚТЖ жемқорлық салдарынан миллиардтаған теңге шығынға батып отыр деп айыптады. Алайда компания бұрынғы қызметкерінің сөзін жоққа шығарды.

Бұрынғы қызметкер ҚТЖ шығындарын қысқартуға қатысты ұмтылыста қарсылыққа тап болдым деп тұжырымдайды. Әмриннің сөзінше, бірнеше әріптесімен бірігіп, жемқорлықты әшкерелеу үшін прокуратураға арызданған. Алайда тергеу күдікті тұлғалардың өзіне тапсырылып, мәселені шешудің орнына Әмрин әріптестерімен компаниядан кетуге мәжбүр болыпты. Содан кейін өздеріне қарсы қылмыстық іс қозғалған.

«Прокуратураға шағым жасағанымызға қарамастан, тергеу «күдіктілердің» өздеріне тапсырылды. Нәтижесінде бізді компаниядан кетуге мәжбүр етті, ал менің және әріптестерімнің үстінен қылмыстық іс қозғала бастады. Отбасым құқық қорғау органдары тарапынан қысымға ұшырап отыр, бұл – біздің құқығымызды бұзу… Сондықтан мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгініп, Қазақстандағы ең ірі компанияларының бірі – КТЖ-дағы жемқорлықты тоқтатуды сұрауға мәжбүр болдым. Бұл жағдай тек КТЖ-ның болашағына ғана емес, еліміздің мүддесіне де қауіп төндіріп отыр», – деді бейнеүндеуде Әмрин.

Сәлмен Әмрин — Техас университетінің стипендиясының иегері, өндірістік кәсіпорындарды басқару ғылымдарының магистрі және Purdue университетінің докторантура тыңдаушысы. Ол қазір өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іс қолдан ұйымдастырылған деп тұжырымдайды.

Алайда «Қазақстан темір жолы» бұрынғы қызметкерінің сөзін толық жоққа шығарып, шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді. Комппанияның КursivМedia ресми сауалына берген жауабында, қайта Әмриннің өз заң бұзып, миллиондаған шығын келтіргені жазылған.

Әмрин ҚТЖ-да «Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы» филиалының директоры қызметін атқарған. Ең алдымен, компания Әмриннің «ҚТЖ қарызы компанияның IT саласына қатысты проблемаларға байланысты қалыптасты» деген пікірі дүрыс емес деп санайды. ҚТЖ қарыздың негізгі бөлігін 2010-2013 жылдары алған көрінеді. Ол қаржы пойыздарды жаңарту мен инфрақұрылымды дамытуға жұмсалған.

«Осыған байланысты, бұрынғы қызметкердің компанияның ондаған жылдар бойы жинақталған қаржылық мәселелерін ҚТЖ басшылығының қарсылығымен, оның ішінде тек 2019 жылы құрылған корпоративтік қауіпсіздік қызметімен байланыстыру әрекеттері ойдан шығарылған», – делінген жауапта.

Есесіне 2022 жылғы желтоқсанда Әмрин басқарған дирекция сатып алған МД АБЖ, АСМА, SMAX, SolarWinds, Kryon, IBM Cloud Pak, BigData ақпараттық жүйелерін тиімді пайдалану тұрғысынан қызметтік тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде орындалған жұмыс техникалық талапқа сай келмейтіні, сатып алынған бағдарламалар пайдаланылмай бос тұрғаны, төлеген қызмет құны асыра бағаланғаны анықталған. Тек IBM Cloud Pak лицензиялық бағдарлама жасақтамасын сатып алуға қатысты тиімсіз шығын 1,2 млрд теңгеге бағаланыпты.

«Қызметтік тергеп-тексеру материалдары 2023 жылғы ақпанда «Самұрық-Қазына» АҚ-ға, сондай-ақ 2023 жылғы маусымда Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігіне жіберілді. Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» АҚ тәуелсіз сараптама тағайындаумен өз тергеуін жүргізді. Нәтижелер сонымен қатар процессуалдық шешім қабылдау үшін ҚМА-ге бағытталған», – дейді ҚТЖ.

 Антикор 2022 жылы осы дирекция қаржыны тиімсіз жұмсағанын анықтаған.

«Қазіргі уақытта Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы» филиалында жекелеген әкімшілік қызметкерлердің жалған еңбек қызметі фактісі бойынша Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп-тексерген қылмыстық істің материалдарын қарауда. Бұл қылмыстық іс ҚТЖ қаржылық тексеру нәтижелері бойынша қозғалды, оның барысында нақты жұмыс істемейтін, бірақ жалақы мен сыйлықақы алған адамдар анықталды», – делінген жауапта.

Тергеу нәтижесінде ҚТЖ-ға 21 млн теңге көлемінде залал келгені анықталып, Сәлмен Әмрин сыбайлас жемқорлық жасады деген күдікке ілінген. Ал ҚТЖ жәбірленуші тарап деп танылған. ҚТЖ ақпараты бойынша, ол басқарған дирекция жоқ адамды жұмысқа алған.

Сондай-ақ оқыңыз