Әкімдер мен министрлерге жалақы, сыйақы және бонус қалай төленеді?

Жарияланды (жаңартылды )
Бонустар Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен төленеді/фото: Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық экономика министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, KursivМedia-ның сауалына орай,әкімдердің министрлерлердің, жалпы «А» корпусының лауазымды қызметкерлерінің жалақысы, сыйақысы және бонусы жайында ақпарат берді.  

Еңбек ақысы

Ұлттық экономика министрлігінің пікірінше, шенділердің еңбек ақысын төлеу мәселелері бойынша ақпарат берілмейді. Өйткені ол қол жеткізілуі шектеулі қызметтік ақпаратқа жатады. Үкіметтің «Мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылған барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекіту туралы» қаулысында осылай көрсетіліпті.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің хабарлауынша, мемлекеттік қызметшілердің (оның ішінде саяси және «А» корпусы қызметшілері) жалақысын белгілеу кезінде, жұмыс өтілі ескеріледі. Ал жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы нақты жұмыс істеген уақыт кезеңі үшін беріледі. Осыған орай, еңбек демалысы ақысының мөлшері оның ұзақтығына байланысты есептеледі.

Ұлттық экономика министрлігі жасырғанмен, бірқатар лауазымды тұлғалар бұған дейін бұл құпияны ашып тастаған еді. Мәселен, бұрынғы Қаржы министрі әрі премьер-министрдің орынбасы, қазіргі Президент кеңесшісі Ерұлан Жамаубаев 2022 жылы министрлердің еңбек өтілі мен біліктілігіне байланысты 500 мың теңгеден бастап 1,7 млн теңгеге дейін жалақы алатынын мәлімдеген еді. Ал Атырау облысының бұрынғы әкімі Махамбет Досмұхамбетов 2021 жылы 1 млн 954 мың теңге көлемінде жалақы алатынын айтқан. Қазіргі лауазымды тұлғалардың жалақысы шамамен осы көлемде деп тұжырымдауға болады.

Бір қарағанда, бұл – аса көп жалақы емес. Шағын бизнес өкілі немесе бір жүк көлігін жүргізушісі айына осындай табыс табуы мүмкін. Десе де шенеуніктердің еңбегінің өтеуі бір жалақымен шектелмесе керек. Атап айтқанда…

Бонустары

Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидалары бар. Қағида Үкіметтің 2001 жылғы 29 тамыз №1127 қаулысымен бекітілген. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге бонустар төлеу тәртiбi осы қағиданы басшылыққа алады. Бонустар Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен төленеді.  

«Қолданыстағы заңнамада мемлекеттік саяси қызметшілерге, оның ішінде облыс әкімдері мен министрлерге бонус төлеу қарастырылмаған. Қағидаларға сәйкес, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге («А» корпусын қоса алғанда) бонустар төлеу олардың жұмысын бағалаудың негізінде жүргізіледі», – дейді Ұлттық экономика министрлігі.

Төлем есепті кезеңде жұмыс істеген уақытқа пропорционалды түрде жасалады. Бұл уақыт – бағалау жылының бірінші қаңтарынан отыз бірінші желтоқсанына дейін, яғни күнтізбелік жылға тең. Ал оның мөлшері ресми жалақыға және негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу пайызына байланысты белгіленеді.

Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жұмысы «А» және «Б» корпустары бойынша әдістемелердің негізінде бағаланады.

Сыйлықақылары

Мемлекеттік қызметшілерге сыйлықақы төленгенде жоғарыдағы қағидалар басшылыққа алынады.

«Қағидалардың 3-тармағына сәйкес, қызметкердің қызметінің нәтижелерін сипаттайтын, оған сыйлық беруге құқық беретін негізгі көрсеткіштер бекітілген. Белгілі бір кезең ішіндегі жұмыстың нәтижелері, лауазымдық міндеттерді үлгілі орындау, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындау және жұмыстағы басқа да жетістіктері ескеріледі», – дейді Ұлттық экономика министрлігі.

Дегенмен мемлекеттік органдардың бюджетінде мемлекеттік қызметшілерге сыйлықақы төлеуге арнайы қаражат жоспарланбайды екен. Қағидаларға сәйкес, мемлекеттік органның басшысы тиісті органды ұстауға көзделген қаражатты үнемдеп, дербес түрде мемлекеттік қызметшілерге сыйлықақы төлейді.

Ұлттық компаниялардың басшыларының табысы қандай?

Жалпы еңбекақы мен басқа да төлемдер Еңбек кодексімен реттеледі. Жұмыс берушінің қолданыстағы еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес, қызметкердің жалақысы еңбек шартында белгіленеді. Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратынша, еңбекке ақы төлеу жүйесі еңбек шарттарында, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актілерінде айқындалады.

«Сонымен қатар басшы қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу және сыйлықақы беру мәселелеріне бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз ету мақсатында, акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың басшы жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы беру шарттары туралы үлгілік ереже бекітілген», – деп көрсететі министрліктің баспасөз қызметі.

«Акционерлік қоғамдар туралы» заңға, атап айтқанда, оның 36 және 53-баптарына сәйкес, акционердің (директорлар кеңесінің мүшелеріне қатысты) немесе ұйымдардың директорлар кеңесінің (төраға мен оның орынбасарларына қатысты) шешімімен, ұйымның басқарушы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу мен жыл сайынғы сыйлықақыларды төлеу тәртібі мен шарттары айқындалады.

Сондай-ақ оқыңыз