Тоқаев Брикс+ арқылы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға мүдделі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және мұнай-газ өнеркәсібі мен маңызды пайдалы қазбалар саласында жаңа жобаларды іске қосу үшін БРИКС+-пен ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін мәлімдеді.
Қазақстан мұнай, газ және маңызды пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеуге қатысты қолданыстағы жобаларды ілгерілетуге және іске қосуға мүдделі. Тоқаев су тапшылығы, температураның көтерілуі және шөлейттену сияқты негізгі жаһандық сын-қатерлерге тоқталды. Оның айтуынша, бұл мәселелерді шешу үшін елдер күш біріктіруі керек.
«Біз БРИКС шеңберіндегі өзара іс — қимыл Солтүстік пен оңтүстік арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, елдер дамуындағы теңгерімсіздіктерді жоюға, халықаралық қауіпсіздікті арттыруға және жаһандық прогреске жағдай жасауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз», – деді Тоқаев.
Жаһандық сын-қатерлер тұрғысынан Қазақстан БРИКС-ті ынтымақтастық үшін маңызды платформа деп санайды.
Тоқаев сондай-ақ БРИКС форматында «бірлесіп жұмыс істеуге дайын» екенін, алайда оған қосылу мәселесі әлі қарастырылып жатпағанын жеткізді. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли БРИКС-ке кіру туралы ұсыныс түскенімен, мемлекет басшысы бұл ұсынысты ұлт мүддесі тұрғысынан мұқият қарастырып жатқанын айтқан болатын.
«Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түсті. Бұл ұсынысты Мемлекет басшысының өзі мұқият қарастырып отыр және оның тапсырмасы бойынша тиісті ведомстволар Қазақстанның ұлттық мүдделері тұрғысынан талдау жүргізіп жатыр», – деді баспасөз хатшысы.
Сонымен қатар ол Қазақстан «қазір және жақын болашақта БРИКС-ке мүше болуға өтініш беруден қалыс қалатынын» айтып өтті.